Адам баласының түс көруі және көрмеуі немесе жақсы жаман түс көруі, ғұламалардың болжамдары бойынша күндізгі іс-амал әрекеттеріне байланысты делінеді. Ислам ғұламаларының тұжырымдары бойынша түс 3-ке бөлінеді. Бірінші, Рахмани (мейрім) түстер яғни қажылықта жүру, жақсы сауапты істер қылып жатқан болу т.б. сол секілді тустер. Екінші, Шайтани түс яғни ұйықтап жатқанда бастырылу немесе шошынып ояну, түсінде кез келген жағымсыз қорқынышты іс-әрекеттерді көру. Үшінші, қияли яғни армандап, ойлап, мақсат қойып жүрген жоспарларды көру немесе пендешілікке салынып қиялдаған ойларына қол жеткізу.
Алла елшісі хадисте былай деген «Түстердің шындыққа жақынырағы таңға жақын көрген түс». Себебі таңға жақын періштелердің ауысып, шайтандардың түске арласа алмайтын уақыты.
Алла елшісін (Алла игілігімен сәлемі болсын) түсте көру үлкен бақыт. Ғалым Ибн Сирин жәнеде басқа ислам ғұламалары былай деп айтқан: "Пайғамбарды түсте көру діндарлық аманатқа берік екендігінің белгісі. Егер пайғамбарды түсінде көңілді, жүзі жарық күйде көрсе, онда ол улкен абырой атаққа жететіндігінің белгісі деген. Алла елшісі (Алла игілігімен сәлемі болсын) өзінің хадис шарифінде былай деп айтқан: "Кім мені тусінде көрсе, расында ол мені көрді(өңінде көргендей) себебі шайтан менің бейнемде келе алмайды". Түс жоруда жетік маман болған Ибн Сирин (Алла ол кісіні рахметіне алсын) былай деген; Түстердің ең абзалы ол пайғамбарды көру себебі Алла елшісін түсінде көрген адам, Аллаға иман келтірген, Алланың бұйрықтарына мойынұсынған болса, тозақ отын түспейтіндігі туралы және екі дүниеде бақытты болатындығына айтылған.
Пайғамбарды түсте көру үшін ең әуелі пайғамбарға сүйіспеншілікті арттыру, пайғамбардың сүннетіне берік болу, пайғамбарға көп салауат айту керек. Сонымен қатар пайғамбарды түсінде көруге қатты құштар болу және соны әрдайым ойда тұту аса қажет. Сондықтан нені көп аңсасақ және ойласақ соны түсте көретіндігіміз жасырын емес. Әйтседе, пайғамбарды түсте көру оңай шаруа емес екендігі бәрімізге мәлім. Бірде данышпан адамнан Пайғамбарды (с.а.у.) түсте көру үшін не істеу керек деп сұрапты. Сонда данышпан әлгі адамға жатарда көп балық жеуге бұйырады. Келесі күні түсіңде не көрдің деп сұрағанда, әлгі адам суды көрдім деген. Данышпан адам: «Міне, көрдің бе, түніменен сен суды талап қылып аңсап жатқандықтан түсіңде суды көрдің. Сол тәрізді Пайғамбарды (с.а.у.) түсіңде көруге де құштарлық талап етіледі» деп жауап қайтарады. Алла Тағала баршамызға салиқалы түстерді көруге және Пайғамбармызбен (с.а.у.) жүздесуді нәсіп еткей.
Орынбасар Дауренбеков
Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің бас имамы
asyldin.kz