Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде болып, студенттерге дәріс оқыды.
Колледж директоры Айдос Кенжеханұлы Бас мүфтиге оқу орынның жұмысымен, оқу бағдарламасы, заманауи аудиторияларымен таныстырды.
Білім ордасының жұмысымен танысқан Наурызбай қажы Тағанұлы студенттерге жетістікке жетудің 5 жолын атай келе былай деді: «Біріншіден, пайдалы ілім алу. Хадисте: «Білім мен хикмет – мүминнің жоғалтқан қазынасы. Оны қайдан тапсаң да иемденіп ал» делінген. Ілім-білімсіз биікті бағындыру мүмкін емес. Екіншіден, кішіпейіл болу. «Ортаңа білімің емес, мінезіңмен сиясың» дейді Хәкім Абай. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті, бабаларымыздан мирас болып қалған асыл қасиет.
Үшіншіден, сенімді дос табу. «Кісіні досына қарап таны» деген сөз бар. «Кісі досының дінінде» деп Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бекер айтпаған. Бұл дос таңдаудың қаншалық маңызды екенін көрсетеді.
Төртіншіден, жақсы істердің жаршысы болу. Кейбір кісілерді көреміз, өзінің шаруасы бастан асып жатса да, туысқанының немесе таныстарының қызметіне зыр жүгіріп жүреді. Бір нәрсе сұрасаң «жоқ» деп айта алмайтын да бауырларымыз бар. Мінеки, бұл – өте жақсы қасиет. Көмек беруге асығып тұру, жақсылық атаулының басы-қасынан табылу да адамды шыңдап, абыройын көтереді.
Бесінші, жаман әдеттерден аулақ болу. Зиянды әдеттердің ешқайсысы адамға жақсылық әкелген емес. Сондықтан адамды зиянға ұшырататын қандай әдет, әрекет бар, соның бәрінен де аулақ болуға шақырамын».
Дәрістен кейін Бас мүфти колледж директоры Айдос Кенжеханұлына «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын сыйға тартты.
Айта кетсек, Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде 1500-ден астам студент оқиды.