Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Өзіңе пайда беретін нәрсеге талпын, Алладан көмек сұра, еңсеңді түсірме. Ал егер бір нәрсеге ұшырасаң: «Егер мен басқаша жасағанда ғой!» - деп айтпа, алайда былай айт: «Бұл Алланың жазмышы, Оның қалауы болды», «егер» деген сөзің шайтанның істеріне жол ашып береді» (Мүслим).
Пайғамбарымыздың (ﷺ) «өзіңе пайда беретін нәрсеге талпын» сөзінде өзіміздің мұрат-мақсатымызға қолжеткізуде кез-келген қайырлы мүмкіндікті қолдануымыз керек деген үндеу анық көрінеді. Ал «Алладан көмек сұра» деп айтқаны, біздің жолымыздағы негізгі күш өзіміздің иманымыз болып табылатындығын түсіндіргені.
Одан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) «еңсеңді түсірме» деп сөзін жалғастырған. Аллаға сиына отырып, қайырлыға талпынуда біз еш күмәнсіз діттеген мақсатымызға жетуге тиіспіз. Сонда ғана, Алланың қалауымен, біздің жолымыздағы қиыншылықтар өздігінен шешілетін болады.
Мүмін бола тұра өзіміз кезінде жоғалтып алған мүмкіндіктер туралы қайғыруға не болмаса қанша жыл бұрын жіберіп алған қателіктеріміз жайында сары уайымға салынудың еш қажеті жоқ. Алла Елшісі (ﷺ) айтқандай, Алла Тағаланың даналығы мен Оның күші біздің қабілеттеріміз бен тілегімізден анағұрлым жоғары. Алла Тағалаға сиынып, өмірімізде әр күн пайда болатын жаңа мүмкіндіктерді пайдаланғанымыз жөн.
Оптимист болыңыз
Позитивті адамдар әдетте нәтижеге көп көңіл қойып, соған жету үшін не жасау керектігіне басты назар аударады. Олардың артық ойлап, үрейленуге уақыты да жоқ.
Хадистердің бірінде Алла Тағаланың мына бір сөздері келтірілген: «Менің құлым Мені қандай деп санаса Мен сондаймын» (Тирмизи). Алла Тағаланың кез-келген сөзі күллі әлемде, сондай-ақ, бұл дүние мен ақиретте де өзекті.
Алла туралы тек жақсы ойда болыңыздар
Мүмін Алладан дұға тілей отырып, Оның міндетті түрде жауап беретіндігіне сенімді болуы керек. Менің дұғам Аллаға жете ме жоқ па деп дұға жасауға болмайды.
Омар бин әл-Хаттаб (р.а.) былай айтқан: «Менің дұғаларымды Алла қабыл ете ме деп уайымдамаймын, бірақ сол үшін өзіме жауап беруге тура келетіндігі үшін уайымдаймын».
Алладан дұға сұрайтын болсақ, біз Оның даналығына толықтай сенуіміз қажет. Алла Тағала дұғамызды қабыл етіп, оны ең жақсы түрде орындайды деген кәміл сенімде болуымыз керек. Тіпті дұғамызға жауап алмайтын болсақ та, Алла Тағала
бізге одан да көркем түрде жауап беретін болады, яғни дұғамызға жауап аламыз немесе дұғамызға жауап ретінде біз үшін жақсы болып табылатын нәрсені аламыз. Мүмін үшін басқа жол жоқ.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын» (40:60).
Сондай-ақ: «Немесе қиналғандар, өзіне жалбарынғанда қабыл етіп, қиыншылықты айықтыратын және сендерді жер жүзіне орынбасар қылатын кім?..?» (27:62).
«(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» (2:186).
Түңілуден аулақ болыңыз
Түңілушілік еш жақсылыққа апармайды. Теріс ниет кез-келген істі қажетсіз етіп тастайды. Өмірден түңіліп жүретін адамдар өздерінен кейін жақсылық қалдыруға тырыспайды әрі адамдардың өмірін жеңілдетуге ұмтылмайды.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Адамдардың ең жақсысы — ұзақ өмір сүріп, амалдары жақсы болғандар» (Тирмизи).
Әрбір жаңа күн – Алла Тағаланың бізге нәсіп еткен нығметі мен мейірімі. Сол себепті де Алла Елшісі (ﷺ) әр кез таңертең оянған сайын Алла Тағалаға шүкірлік білдіріп отырған: «Жанымызды алып, қайтадан бізді тірілткен әрі әрбір жан Оған қайтарылатын Аллаға шүкір» (Бұхари, Мүслим).
asyldin.kz