Құран оқудың артықшылығы

Құран оқудың артықшылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді,  рахымды Аллының атымен бастаймын!    

Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Алла тағала: «Құран оқылғанда оған құлақ салындар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер».                                                                     

Әрбір мұсылман Құранда өзі ғана оқып үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге міндетті. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпте: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз» деген.   

  Құранды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылман Құранды жазуға тағайындалған міртебелі періштелермен бірге болатынын Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан  Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кібіріктеніп қиналса, екі сауап алады»,- деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис-шәріпінде: «Құран оқу – көңілдің шинасы», - дейді. Құрансыз өмірдің  бос өмір екендігін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде  -  береке, тыныштық болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисте: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі, Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды». Яғни ондай үйде тыныштық болмайды. Құрансыз дүниедегі ешбір нәрсе адам баласын бақытты ете алмайды. Отбасында тыныштық, татулықты тек Құран ғана бере алады. Әсіресе қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға зер салсақ, отбасы мүшелері арасындағы түрлі араздасулар, келіспеушіліктер, ұрыс-керістердің  көпшілігі дін жолын ұстанбайтын, Құран оқылмайтын үйлерде, отбасыларда болады. Құран оқылған үйде Алла Тағаланың шексіз мейірім, рақымы болады.                                      

Құран өткен ата-бабаларымыз заманында ажырасулар, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, әке мен бала арасында талас-тартыс өте аз ұшырасқан. Себебі, олар  Құран жолымен өмір сүрген,  Құранды  үйреніп, бала - шағаларына үйретіп отырған.

Әрбір мұсылман Құранды өзі оқи білген. Сондықтан отбасында береке, жақсылық, бір-біріне деген ізет, құрмет сақталған. Құран Кәрім оқудың сауаптылығы жайлы хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла кітабынан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар, ол он бес есе жақсылық болып жазылады. (Яғни бір әріпке он бес сауап беріледі). Мен әлиф, ләм, мим – бір әріп деймейтін. Әлиф – бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп деп айтамын», - деген. Яғни әлиф, ләм, мимдіді оқыған кісіге отыз сауап жазылады. Бір әріп үшін сонша сауап берілетін болса, Құран Кәрімді толық оқып шыққан кісіге қанша сауап жазылатынын ойлап көрейікші! Ендеше, қасиетті кітапты оқып, мол сауапқа кенелейік, құрметті бауырлар!

 Қатарбай ТАДЖИБАЕВ

Жамбыл облысы Жамбыл ауданы

Айша-бибі ауылының имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: