Жан-дүниесіне жылу, жүрегіне тынштық іздеген пендеге асыл дініміздің берері мол. Алланың алдында өзінің жасаған қателік-кемшілігіне тәубе етіп, шынайы ниетпен кешірім тілеген құл бақытты.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі «Һибатулла-Тарази» мешітіне 25 жасар Кравцов Роман Васильевич есімді орыс ұлтының өкілі келіп, өзінің дін қабылдамақ болғанын имамдарға жеткізді. Имамдар Романды сөзге тартып не үшін дін қабылдау ойына келгендігін сұрағанда Роман « Мені алғаш Азан дауысы оятты. Бұрын мешітке сан мәрте келгім келсе де, жүрегім дауаламай, өзіммен-өзім іштей арпалысумен жүрдім. Соңында халықтың көбі мешітке барып жатқанын көріп, солар қатарлы мешітке баруды жөн санадым.
Отбасында жастайымнан шешем бөлек, тек әкеміз екеуміз ғана тұратынбыз, жақын жылдары әкем о дүниелік болды. Сосын мен тіршілік күйбіңімен жалғыз бетпе-бет келдім. Нан табу үшін қара жұмыстар істедім, сол кезде иманды жандардың маған берген көмегі мен қайырымы шексіз болды. Мен ислам дінін қабылдауым керектігін, өзімніңде өзгеге мейірімді болуым үшін иман керектігін түсіндім. Солай бүгін алғаш рет мешіт табалдырығын аттадым. Мешітке келсем ойдағымнан әлде басқаша, имамдардың мейіріммен қараған бауырмал кішпейілдігі, әр қойған сауалыма асықпай жауап бергеніне тебірендім. Әрі ислам дінін қабылдағаныма бақытты екенімді сезіндім» деп ағынан жарылды дін қабылдаған бауырымыз.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Жұмабаев Данияр қары дін қабылдаған бауырымызға өзінің ақыл-кеңесін айтып, тәбарак ретінде орыс тілінде аударылған қасиетті Құранды тарту етті. Роман алдағы уақыттарда да мешіт имамдарынан сабақ алып, білімін жетілідірмек ойының бар екенін де айтып жеткізді. Алла бауырларымызды тура жолдан адастырмағай.
Бақытжан Сабыралиев
«Нұр-Мүбарак» университетінің студенті,
«Һибатулла Тарази» мешітінде практикант.