Жанды бейне бар үйде намаз оқу жайында (жалғасы)

Жанды бейне бар үйде намаз оқу жайында (жалғасы)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Айша анамыз (р.а.) тағы бір риуаятта: «Біздің үйде құстың бейнесі бар перде бар еді. Оны үйге кірген адам бірден көретін. Алла Елшісі (ﷺ) маған: «Ей, Айша, мынаның орнын өзгертші. Өйткені мен үйге кірген сайын оны көрсем, дүниені еске аламын», - деді деп айтқан». («Сахих Муслим», 3/1666). Әнас (р.а.): «Айша анамыздың бөлменің бір жағын перделеп қойған төсек жапқысы бар еді. Пайғамбарымыздың (ﷺ) оған: «Ей, Айша, мына жапқышыңды бізден әрі әпкетші, өйткені намазымда ондағы бейнелердің маған көріне беруі тоқтамай тұр», - деді деп айтқан». («Сахих әл-Бұхари», 1/84)

· Шариғат ережелерін білмейтін бір үйге қонақ болып түскен жағдайда: сурет не мүсін тұрған бөлмеден басқа орын таппаса, намаз оқушы кісіге қатысты ұстанымдар: ең алдымен, суретті не мүсінді бүркеп қоюы талап етіледі, егер бұл мүмкін болмаса, ескерілетін нәрсе – суретке бағытталып тұрмауы, сосын төбедегі суреттің дәл астына тұрмауы, сосын іргедегі суретке оң не сол жағын қаратпауы, сосын суретке арқа жағын беріп тұрмауы уәжіп.

· Суреттері бар кілемде намаз оқуға қатысты үкім: суреттің үстіне басқа нәрсе төселеді, егер бұлай істеу мүмкін болмаса, суреттің сәжде жасалатын орында қалмауы қажет, өйткені бұл бейне суретке сәжде қылушы кісіге ұқсатады.

· Сурет аяқ не жамбас астында қалса, мәкруһ емес. Өйткені бұл жағдайда сурет аяққа басылуда.

· Хадистерге келген ескертулер қатты болғандықтан, намаз кезінде осы ұстанымдардың қадағалануы парыз болмаса да, уәжіп үкімін сақтайды. Бұл – пұтқа табынушылар бейнесіне ұқсамау және намаздан алаңдамау мен дүниеге қызықпау мақсатындағы сүннет. Бұл ұстанымдар атқарусыз қалған жағдайда намаз дұрыстығын жоғалтпайды, дегенмен мәкруһ үкімі сақталады. Намазды қайта атқаруды жөн көрген кісіге сақтық шарасы ретінде қайта атқаруына болады, бірақ міндет емес.

· Дене пішіні толық қамтылмаған суреттер мен бейнелердің оқасы жоқ. Сол секілді ұсақ бейнедегі не жыртылған не бір нәрсенің ішінде сақталған, сондай-ақ теңгедегі не сақинадағы кескіндер, түсірілген суреттер және сәбилерге арналған ойыншықтар есепке алынбайды. Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта: «Алланың Елшісі (ﷺ) Тәбук не Хайбар шайқасынан оралып үйге кіргенде Айшаның (р.а.) сандығының не сөресінің бетіндегі жапқыштың бір ұшын жел көтеріп, астындағы ойыншық қуыршақтары көрініп қалған еді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ей, Айша, мынау не?», - деп сұрады. Ол: «Менің қыздарым ғой», - деді. Алланың Елшісі (ﷺ) олардың арасынан екі қанаты бар атты көріп: «Олардың арасындағы ше?», - деді. Айша: «Ат қой», - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Оның арқасындағы не нәрсе?», - деп сұрады. Ол: «Екі қанаты», - деді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Екі қанатты ат бола ма?», - деп сұрады. Ол: «Сүлейменнің қанатты аттары болғанын естіген шығарсыз?» - деді. Сонда Пайғамбарымыздың (ﷺ) күлгені сонша, тіпті оның азу тістері көрінді», - делінген («Сунан Әби Дәуд», 4/438).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: