Құранда аталған 3 әйелдің қайсысына жатасыз?

Құранда аталған 3 әйелдің қайсысына жатасыз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла әйел затын Құранда үш түрлі атаған:

1-(امرأة) "имроатун"
2- (زوجة)"зәужәтун"
3- (صاحبة)"сохибәтун"

Енді осы үш атау не мағына береді?

 Имроатун (امرأة)

Егерде еркек пен әйелдің арасында денемен болған байланыс болса, бірақ келісім, махаббат, пікір келісімі болмаса, әйел затын “Имроатун” деп атайды.

 Заужәтун (زوجة)

Егерде араларында дене байланысы, сонымен қатар пікір үйлесімділігі болса, махаббат болса - ”Зәйжәтун” деген.

Алла Тағала Құранда бұл турасында былай дейді :

ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا لِلَّذِينَ كَفَرُوا امْرَأَتَ نُوحٍ وَامْرَأَتَ لُوطٍ ۖ

“Алла күпірлікке белшеден батқандар үшін Нұхтың әйелі мен Луттың әйелін мысалға келтірді”. "Тахрим" сүресі.

{امرأة نوح} {امرأة لوط}

Мұнда "имроату Нух уә имроату Лут" деді, "зәужәтун" деп айтпады. Өйткені, екі пайғамбар мен әйелдерінің арасында сенім келісімі және пікір келісімі мен махаббат та жоқ еді. Ол Пайғамбарлар Аллаға иман келтірді, ал әйелдері иман келтірмеді.

Дәл сол секілді перғауынға қатысты айтатын болсақ, Алла оның әйеліне “имроатун” сөзін қолданып:

وَقَالَتِ ٱمۡرَأَتُ فِرۡعَوۡنَ

(Уә қоләт имроату Фирғаунә). "Перғауынның әйелі айтты" - деді. "Аль-Қасас", 9-аят.

Өйткені оның әйелі иман келтірген, ал өзі иман келтірмеген еді. Алланың бұлай айтуы Әсия анамызды жаман дегені емес, бәлки Кәпір Перғауынның сенімінде болмағандығын дәлелдеп, керісінше, Әсия анамызды ақтауы.

Ал енді “Заужәтун” сөзінің Құрандағы қолданылу аясына қарап тұрсақ, ермен әйелдің араларында дене қатынасы мен пікір байланысы болған және арасында махаббат болған ер мен әйелге қолданылғанын көреміз яғни салихалы адал жарға айтылған.

Мысалы: Алла Тағала құранда Адам алейһиссаламға былай айтады:

وَقُلۡنَا یَـٰۤـَٔادَمُ ٱسۡكُنۡ أَنتَ وَزَوۡجُكَ ٱلۡجَنَّةَ

(Ускун әнтә уә зәужукә ал-жәннәтә),

"Ей, адам сен және әйелің жәннәттә тұрыңдар"- деді. "Аль-Бақара", 35-аят.

Яғни Хауа анамызды "зәужәтун "атауы адал жар екендігінің дәлелі!

Сол секілді Пайғамбарымызға да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

یَـٰۤأَیُّهَا ٱلنَّبِیُّ قُل لِّأَزۡوَ ٰ⁠جِكَ

(Иә әийюһән-Нәби! Қул ли әзуәжикә).
"Ей пайғамбар әйелдеріңе айт" - деді."Аль-Ахзаб", 28-аят 

Бұл да Пайғамбардың әйелдері салихалы екендігін көрсетіп тұр!

Ал енді, Зәкәрия Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) әйеліне араларында дене мен пікір байланысы бола тұра “Имроатун” сөзін неге қолданды?

Алла тағалаға былай деген еді:

وَكَانَتِ ٱمۡرَأَتِی عَاقِرࣰا فَهَبۡ لِی مِن لَّدُنكَ وَلِیࣰّا

“уә кәнәт имроәти а'қирон, фәһәб ли мил-ләдункә уәлииә”.

"Әйелім болса, бедеу. Маған Өзіңнің шексіз шарапатыңмен бір мұрагер (перзент) нәсіп ете көр!" -деді. "Марьям" сүресі, 5 аят.

Олай қолдануының себебі Зәкәрия мен әйелінің қарым-қатынасы әйелі бала тумайтын болғаны үшін әлсіздеу болған екен. Пайғамбар өзінің мұңын Аллаға шағып, бала сұрайды. Алайда Зәкәрия (оған Алланың сәлемі болсын) ұлды болғаннан кейін, Құран “Имроатун” сөзін “зәужәтун” сөзіне ауыстырып былай дейді:

فَٱسۡتَجَبۡنَا لَهُۥ وَوَهَبۡنَا لَهُۥ یَحۡیَىٰ وَأَصۡلَحۡنَا لَهُۥ زَوۡجَهُۥۤۚ

(Фәстажәбнәә ләһу уә уәһәбнәә ләһу Яхья уә аслахнәә ләһу “зәужәһ”)

"Біз оның да дұғасын қабыл алдық және оған Яхияны сыйладық. Сол үшін "жұбайын" оған бала тауып бере алатындай жағдайға келтірдік, яғни дұрыстадық” - деп әйелінің кемшілігін түзеп, "зәужәһ" дәрежесіне көтеріп жіберді. "Аль-Анбийа'", 90-аят.

Тағы бір жерде Алла тағала Әбу Ләһәбтің отбасын масқара етіп былай дейді:

و امرأته حمالة الحطب

"Әбу Ләһәбтің әйелі отын арқалап кіреді" - деді, осы жерде Алла "Имроату" сөзін қолдану арқылы, әйелі екеуінің күпір сенімінде бір болғанымен, от басында береке, махаббат болмағандығын Алла әшкерелеп, айбын ашып, масқаралау мақсатында "имроатун" сөзін қолданды. Араларында келісім, байланыс болмағын білдіріп кетеді.
Яғни бұл "имроатун" әйелдің сипаты өзіміздің арамызда да көп кездеседі. Мысалы: Бір үйде тұрып, денелік байланыста болып, күйеуіне шағым айтады, жақындарына жамандайды, пікіріне келіспейді, қарсы шығады. Қайтейін бала-шағам болған соң жүрмін дейтін, күйеуіне мәмілесі нашар әйел - "имроатуннің" нақ өзі!


 Сохибатун (صاحبة)

Құран бұл сөзді ер мен әйел арасында пікір және дене тұрғысынан мүлде байланыс жоқ ерлі-зайыптыларға қолданады. Сондықтан да "Сохибатун" сөзі Қиямет қайым көріністері бар аяттардан орын алады. Алла тағала бұл жайлы былай деген:

یَوۡمَ یَفِرُّ ٱلۡمَرۡءُ مِنۡ أَخِیهِ ﴿ ٣٤ ﴾
وَأُمِّهِۦ وَأَبِیهِ ﴿ ٣٥ ﴾
وَصَـٰحِبَتِهِۦ وَبَنِیهِ ﴿ ٣٦ ﴾

"Сол күні адам баласы өз бауырынан безеді, тіпті өз анасы мен әкесінен, жан жары мен бала-шағасынан безеді" - деді. "'Абаса", 34, 35, 36-аяттар

Өйткені бұл тұста екі жұптың арасында дене және пікір байланысы бірінші өлім себепті үзіледі, яғни күйеуі өліп әйелі қалған немесе әйелі өліп күйеуі қалған, мүлдем байланыс кесілген, екінші қияметтің қорқынышынан байланыс тоқтайды. Өйткені қияметте әркім өз басымен қайғы болады.

Осы айтылғандарды қуаттап, Алла Тағала Құран аятында Өзі туралы былай дейді:

أَنَّىٰ یَكُونُ لَهُۥ وَلَدࣱ وَلَمۡ تَكُن لَّهُۥ صَـٰحِبَةࣱۖ

(әннә йәкууну ләһу уәләдуу уәләм тәкул ләһу сахибәтун)

"Оның жұбайы болмаса баласы қайдан болсын?" "Аль-Ан'ам", 101-аят.

Міне, осы аятта неге Алла зәужәтун (زوجة) немесе имроатун (امرأة) сөздерін қолданбады? Себебі, “сохибатун” (صاحبة) сөзін қолдану арқылы (пікір я дене байланысы болсын) байланыстың барлық түріне өзінің мұқтаж емес екенін білдіріп, өзіне қатысты мұндай өлшемдердің дәрменсіз екенін бір ғана сөзбен кескінді түрде баяндады.

Енді әр еркек өзіне сұрақ қойсын, осы әйелдің қайсысы қасында жүр? Немесе әр әйел өзін осы үш әйелдің қайсысынан көріп тұр?

Нұралы Бақытұлы

"Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: