Тұрғындар көп шоғырланған қаланың «Городок» аталып кеткен аумағында жамағат үшін мешіттің қажеттігі жайында көптен бері мәселе көтеріліп жүрген болатын. Енді міне ел тілегі ескеріліп, І.Жансүгіров көшесі бойынан сәулеті келіскен көзтартар мешіт бой көтерді. Қаланың солтүстік батысында көптің игілігіне берілген «Әбдірашит ата» мешітінің құрылысына қаржылай демеушілік танытқан жеке кәсіпкер Алпамыс Бақытұлы. Жалпы, Алпамысты аудан жұртшылығы қайырымдылық шараларының басынан табылатын жомарт азамат ретінде жақсы таниды. Кәсіпкер мұның алдында Көктал ауылындағы мешіт пен спорт кешінін салуға ұйытқы болғандығы айта кетуіміз керек.
Алланың жердегі үйінің сыйымдылығы 350 адамды қамтиды. Бұдан бөлек мешіттің ауласында асхана, наубайхана, пешхана және сауат ашу орталығы бар. Көптің тілегімен ашылған игі шараға жиылған тұрғындардың қарасы қалың болды. Жалпыға ортақ қуанышқа орай облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров,Жамбыл облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Сарысу ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев, Жамбыл ауданының бас имамы Ғайырфулла Әмірбеков қатысып, сауапты іске тілеулестік танытты.
Мешіттің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек: -Мешіт-сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игіліктің, бірлік пен мейрімділіктің, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда мешіттің алатын орны бөлек, - деп ізгі жұмысқа атсалысып, қол ұшын созған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Игі шара барысында мешіттің бой көтеруіне қаржылай демеушілік көмегін танытқан Алпамыс Бақытұлына аудан тұрғындары атынан құрмет көрсетіліп, ат мінгізіп, шапан шапан жабылды.
Сондай-ақ, өз кезегінде облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев жиылған жамағатты мешіттің ашылуымен құттықтап, Алланың үйін салудың сауабы мен имандылық иірімдері турасында пікірлерімен бөлісті.
Көпшіліктің қуанышын еселеген жаңа мешіттің лентасын облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілі Бейбіт Мырзагелдиев салтанатты жағдайда қиды.
Тәуелсіздігіміз бен татулығымыздың арқасында имандылыққа бет бұрған жамағат мен қасиетті мешіттердің саны артып келеді. Ел игілігіне берілген қаламыздағы үшінші Алланың үйі. Қуанышқа жиылған қауым бір-біріне тілеулестік танытып, тура жолға бағыттайтын тәрбие ордасы болатындығына сенім білдірді.
Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».