"Жанның бұл дерті жақсы амалдарға берілген барлық сыйды құртады"

"Жанның бұл дерті жақсы амалдарға берілген барлық сыйды құртады"

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әбу Мансур бин Зукейр өте тақуа адам болған. Өмірінің соңғы жылдары оның көз жасы таусылмапты. Ақтық демі тақаған сайын, оның көз жасы бұлақтай болып аққан көрінеді.

Күндердің күнінде адамдар одан:

- Әй, Әбу Мансур! Өлім сәті тақаған сайын сенің көзіңнің жасы бір тыйылмады ғой?

Ажалың жақындағаннан жылап жүрсің бе? – деп сұрайды екен.

Сонда ол былай деп жауап беріпті:

- Қазір менің бір аяғым жерде болса, екінші аяғым көрде. О дүниеде не боп, не қоярын білмеймін. Менің бұл дүниеде жасаған жақсы амалдарым маған пайда берер ме екен? Белгісіз. Міне, осындай ойлардан жүрегім сыздап, еріксіз екі көзімнен жас сорғалайды …

Әбу Мансур қайтыс болған соң оның ұлы әкесін түсінде көреді:

- Әке, қалайсың? –деп сұрайды ұлы.

- Уа, ұлым менің! Бәрі сен ойлағандай оңай емес. Қолыңмен істегендеріңді мойныңмен көтеріп, жауап беру өте қиын. Жақсы амалдар жасауға жұмсаған менің өмірім маған пайда бермеді. Мәрхамат етушілердің Мейірімдісі, Әділеттілердің Әділі Жаратушы Алла маған: "Әй, Әбу Мансур! Мен саған 70 жыл ғұмыр бердім. Сен не жасап, не бітірдің?" – деп сұрады.

Мен: «30 рет қажылық парызымды өтедім, 40 000 дирхем көлемінде садақа бердім, 60 жыл бойы ораза ұстадым…», - деп жауап бердім.

Алла Тағала: «Мен бұл амалдарыңды қабыл етпедім», - деді. «Уа, Алла, онда менің құрығаным!» - дедім мен. Сонда Жаратушы маған қайтадан тіл қатты:

"Әй, Әбу Мансур! Сен қаншама жақсы амалдар жасадың, бірақ оларда көзбоямашылық пен екіжүзділік болды. Жанның бұл дерті жақсы амалдарға берілген барлық сыйды құртып, оларды түкке жарағысыз етеді. Алайда игі амалдарың мен тырысуың үшін сен лайықты түрде жазаланбайтын боласың. Дегенмен де екіжүзділік қосылмаған бір амалың бар.

Сол күн сенің есіңде ме?… Күндердің күнінде келе жатып жолда жатқан тасқа өзге адамдар шалынып қалмасын деп шетке лақтырып жібердің. Міне, сол шынайы амалың үшін Мен сені кешірдім. Менің разылығым үшін жасалған шынайы кіші-гірім амалдың өзі жеткілікті".

Имам Исмаил Хаккы Бурсеуи жоғарыда келтірілген әңгіменің түсіндірмесінде біздің көңілімізді келесі жайтқа аударды:

«Жолды өзге мұсылмандар үшін тазарту сияқты кіші-гірім, бірақ шынайы жасалған амал – біздің құтылуымыздың себебіне айналатындығы».

Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) бір хадисінде былай айтылған: «Кімде-кім мүміннің бұл дүниелік бір қиыншылығын көтеріп алса, Қиямет күні Алла оның бір қиыншылығын жояды» (Әбу Хурайра).

Келесі бір хадисте былай келтірілген:

«Дінде адал бол! Сенің адал болуың, саған көп пайда әкелуі мүмкін» (Хаким, IV, 341).

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан:

«Өзге мұсылмандардың сөзі мен ісіне сенімді адам - мұсылман» (Бұхари, «Иман», 4; Мүслим, «Иман», 65).

Осы себепті де Исламда адал ниетпен жасалған амалдар мен бір-біріне деген көмекке аса маңызды орын беріледі. Ислам діні бізден тек қана жақсы, игі амалдарды талап етеді. Мұсылман болу – қоршаған ортамен, адамдармен ең көркем қарым-қатынаста болу дегенді білдіреді.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: