Бүгін ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірінде зират маңына тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған ҚМДБ-ға қарасты 19 өкілдіктің дін қызметкерлері және мешіттердің ерікті жамағаты бір мезетте атсалысып, сауапты іске жұмыла кірісті.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің ұйытқы болуымен елорда маңында орналасқан қорым басында өткен игі іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. Алдымен республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, қари Мұртаза Балахмет қасиетті Құран аяттарын оқып, Бас мүфти арнайы дұға жасады.
Бұдан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы елорда имамдары, дін қызметкерлері мен ерікті жамағатқа зират және зиярат әдебіне қатысты насихатын жеткізді.
«Адам өмірге келген кезде қалай қуанып, мәпелеп үйімізге әкелгеніміз секілді, қайтқан кезде де оны арулап жерлейміз, қабірге қоямыз. Алланың құзырында тірі адам қандай қадірлі болса, қайтыс болған адам да сондай қадірлі. Оның төбешік болып тұрса да, қабірін аяқасты етуге, маңайын қоқысқа толтырып, ластауға ешкімнің ақысы жоқ. Қайта маңайын қоршап, тазалық жасап тұру – тірілерге міндет.
Асылында зират – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екенін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. Адам баласының Алла құзырында тең екені қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ашық айтылған. Зираттарға құлпытас қою кезінде теңдік ұстанымын сақтауымыз керек.
Осы айтқанымызды, яғни, зират және зиярат мәдениетін имамдарымыз көпшілік жерде айтып, насихаттауға тиіс. Алла Тағала сауапты іске атсалысқан баршаңызға разы болсын!» деді Бас мүфти.
Айта кетейік, жыл басында Бас мүфти бастамасымен марқұмдардың басына белгі қойып, мазар салуды бірізіділікке түсіру мақсатында «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы құрылып, Имамдардың IV республикалық онлайн форумында «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты қабылданған болатын. Бүгінде ел мешіттерінің имамдары аталмыш құжатты жұртшылыққа насихаттап, ысырапшылдықтан аулақ болуға үндеп жүр.
«Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Камалжан Тұрдыбаевтың айтуынша, Діни басқарма ұсынған құлпытастағы марқұмның суретінің орнына QR-код қосылды. Яғни кез келген смартфон қолданушы аталмыш QR-код арқылы орталық сайтына өтіп, марқұмның өмірдерегі жөнінде біле алады.