Ел игілігі үшін қызмет етеміз

Ел игілігі үшін қызмет етеміз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл ауданы – бейбітшілік пен татулықты ту еткен, азаматтары асыл дінімізді жанына серік қылған құтты мекен. Дін жанашырлары мен қайырымды жандары және жұдырықтай жұмылған жамағаты көп, өсіп-өнген, дамудың даңғыл жолына түскен өңір. Игі істерге біркісідей атсалысатын жұртшылығы бар өлке.

Біздің аудан аумағында орналасқан 30 мешітте 35 діни қызметкер қызмет етеді. Олардың 7-еуі жоғары, 10-ы орта білімді, 18-і арнайы діни курстан өткен. 30 мешіттің 29-ында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұйрығымен тағайындалған имамдар қызмет етуде. Мешіттеріміз бейнебақылау камераларымен жабдықталған, 25-і газбен, 5-еуі көмірмен жылытылады.

2015-2021 жылдар аралығында 13 имам білімін жетілдіру үшін Алматы қаласына «Имамдардың діни білімін жетілдіру» жөніндегі екі және төрт айлық курстарға жіберілді. 2020 жылы «Һибатулла Тарази» медресесіне 7 шәкіртіміз оқуға түсті. «Нұр-Мүбарак» медресесінде 1 шәкіртіміз оқып жатыр. Осы оқу орнында білім алған 1 шәкіртіміз «Тұрғани» мешітінде ұстаз. «Һибатулла Тарази» медресесін бітірген 4 шәкіртіміз ауданға қарасты ауылдық округтердегі мешіттерде қызметте. Атап айтқанда, Тәжібай Қатарбай «Айша бибі» мешітінде, Бауыржан Досмұханбетов Жасөркен ауылындағы «Тұрыс» мешітінде, Ғани Таңатаров «Бектөбе» мешітінде имам. Ал, Жандос Жұмағұлов пен Серік Нұргелді аудандық «Бәйдібек» мешітінде наиб имам.

Имамдар өз кезегінде аудан жастарымен кездесулер өткізіп тұрады. Оларға дін бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ішкі-сыртқы тәртіпке бағыну керектігін, сондай-ақ, әдептілікті, үлкенді сыйлауды, кішіге ізет көрсетуді үнемі айтып отырады. Жастар жағынан туындаған сауалдар жауапсыз қалмайды.

Жамағатты жат ағымның ықпалынан сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытта ауылдық округтердегі мешіттерде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ауыл имамдары Мазһабты ұстанудың маңыздылығын, дін және дәстүр, жат ағымның алдын алу, сонымен қатар, ҚМДБ-ның сараптамасынан өткен кітаптарды оқуға, қажет жағдайда, дінге қатысты мәселе туындағанда дін мамандарына жүгіну керектігін жете түсіндіріп, пайдалы кеңестер береді.

Ауданымызда қайырымдылық шаралары үздіксіз өткізіледі. Мысалы, аудандық «Бәйдібек» мешіті тарапынан былтыр бір отбасыға үй соғылып берілді. Биыл тағы бір көпбалалы отбасыға асарлатып үй салынуда. Қасиетті Рамазан айында құрылысы басталған. Баспананың бой көтеруіне мешіт жамағаты мен аудан кәсіпкерлері және жергілікті тұрғындар атсалысуда. Рамазан айының соңғы он күндігінде үшінші үйдің іргетасы қаланды. Бұл тұрғын үй Аса ауылындағы көпбалалы отбасыға беріледі. 

Осы орайда айта кететін жайт, үш тұрғын үйді салу бойынша бастама көтеріп, 2019 жылы елімізге белгілі кәсіпкер, аудан азаматы Қуаныш Шонбаймен жолыққанымда, ол кісі мұқтаж жандардың игілігіне бағытталған бастамамды қолдайтынын айтып, жер телімін тауып берген болатын.

Игі істің басы-қасында өзім жүрмін. Бастамаға қолдау білдіріп жатқан аудан жұртшылығына, жомарт жандарға алғысым шексіз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойы ауданымызда жоғары деңгейде атап өтілді. Ілкімді істер қолға алынып, қыруар тірлік тыңдырылды. Бірқатарына тоқталар болсақ, «Ел үлесі пәтер» 1 отбасыға берілді.  4 дін қызметкері баспаналы болды. 7 мешіт күрделі жөндеуден өтті. Үш мешіт жанынан асхана ашылды. 7 мазарат қоршалды. 500 түп тал көшеті отырғызылды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің қатысуымен іс-шаралар ашылды.  Қоңыртөбе ауылында жамағаттың есебінен мешіт салынып, салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Аса ауылының жастары «Бәйдібек» мешітіне қызметтік көлік тарту етті. Сонымен қатар, Алматы қаласы, Мақтарал және Төле би аудандарына Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылы мешітінің ұйымдастыруымен аудан атынан 45 тонна азық – түлік жеткізіліп берілді.

Бұдан бөлек, былтыр Рамазан айында жалпы саны 40-тан астам қайырымдылық шара ұйымдастырылып, 815 мұқтаж жанға түрлі көмек көрсетілді. Бұның барлығы жамбылдық жамағатпен бірлескен түрде жүзеге асты.

Өткен Қасиетті Рамазан айында аудандық «Бәйдібек» мешіті тарапынан 700 отбасыға ауызашар пакеттері үлестірілді. Санитарлық жағдайға байланысты ауызашар пакеттерін мешіт жамағаты үй-үйге таратып, көпшіліктің алғысын алды.

ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «Берекелі Рамазан керуені» қайырымдылық марафоны ауданымызда, нақтырақ айтқанда, «Бәйдібек» және ауылдық мешіттерде жалғасын тапты: 32 іс-шара 1540  отбасыға үйіне азық-түлік жеткізіліп берілді. Айтулы іс-шараға атсалысқан кәсіпкерлерге және ауыл тұрғындары мен имамдарына алғысымды айттым.

«Бәйдібек» мешіті Қасиетті Қадір түнінде жамағат үшін «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир өткізді. Мешіттің наиб имамы Жандос Жұмағұлов тікелей эфирде ҚМДБ-ның РАНТ мүшелері Нұралы Бақытұлы және Ғазиз Ахметпен «Рамазан айының пайдасы», «Мың айдан қайырлы – Қадір түні» атты тақырыптарда сұхбаттар жүргізді. Имамдар өз кезегінде уағыз айтып, Құран оқып, артынан сұрақ-жауап ойынын ұйымдастырды. Ойынға қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап берген азаматтарға қаржылай және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар «Бәйдібек» мешітінің наиб имамдары – Жандос Жұмағұлов пен Серік Нұркелдінің ұйымдастыруымен онлайн режимде шәкірттер арасында діни сұрақ-жауаптан жарыс өтті. Қатарынан оза шапқан үздіктерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Жылда біздің тарапымыздан салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Жылдағы дәстүр бойынша «Бәйдібек» мешітінің наиб имамы Жандос Жұмағұловтың ұйытқы болуымен шәкірттер арасында кіші футболдан жарыс өткізілді. Жарыс соңында қатысушыларға ауызашар пакеттері үлестірілді.

Үлкендерге кұрмет көрсету де үрдіске айналған. Ұлы Жеңіс күніне орай Рахат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тыл ардагері, қария Бейсенбек Асқаровтың үйіне арнайы барып, хал-жағдайын біліп, мерекемен құттықтап қайттым, Қарияның батасын алдым. Ауданға сыйлы ақсақал жастарға үлгі. Ол 2015-2020 жылдары ауылында имам болған.

Айта кететін жайт, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты аудандағы барлық мешітте Ораза айт намазы санитарлық талаптарға сай мешіттің ауласында оқылды.

Бүгінде мешітімізге облыстық мешіттің наиб имамдары Ғалымбек Жапек пен Бақтияр Әміреев және РАНТ мүшесі Нұралы Бақытұлын шақырып, офлайн не онлайн режимде жергілікті жамағат пен шәкірттерімізге арналған уағыз-насихат жұмыстарын жүргіземіз.

Ауданның бас имамы ретінде айтарым, біз, яғни имамдар өздеріне жүктелген жауапкершілікті толығымен сезінеді, ҚМДБ, аудан жұртшылығы алдындағы міндеттерін жақсы түсінеді, біледі. Біз барлығымыз бірге әрі қарайда дін аясында ел игілігі үшін қызмет ете береміз. Бұл жолда бізге бірлігі мығым, ынтымағы жарасқан жамағатымыз, ел тізгінін ұстаған арда азаматтарымыз, жаны жомарт қайырымды кәсіпкерлеріміз қолдау көрсететінін, барынша көмектесіп жүргенін жеткізгім келеді.

Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы,

Жамбыл ауданының бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: