Ислам ғалымдары «Ной» фильмін сынға алды

Ислам ғалымдары «Ной» фильмін сынға алды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылман елдеріндегі есімдері елге танымал ғалымдар батыстық Paramount Pictures және New Regency Productions кино өндірушілерінің түсірген «Ной» фильмін сынға алды. Себебі, інжілдегі (библия) түсіндірме негізінде жарыққа шығарылған фильм Нұх (ғ.с.) пайғамбардың болмысына, Алла тарапынан таңдалған елшінің тұлғасына кереғар бағытта түсірілген.

Өндірісі 150 милллион доллар бюджетті құраған аталмыш фильмде Нұх (ғ.с.) ақырзаманды сәуегейлікпен көріп-біліп, отбасын топан судан құтқарудың қамына кіріседі. Сондай-ақ, Нұхты (ғ.с.) әлемдердің Раббысының әмірлеріне қарсы шығып, өзім білемге салынғантәкаппар етіп бейнелегендері аздай, «исмәд», яғни күнәсіз, күнә істеуден Алланың құдіретімен қорғалған пайғамбарды ел алдында абыройсыздыққа ұшыратып, мас күйінде, киімсіз жалаңаш етіп шалқасынан жатқызып қойған. Бұл нендей сорақылық десеңізші?!

Қасиетті Құранда анық баян етілгендей Нұхтың (ғ.с.) әйелі иман етпеген, кәпірлердің қатарынан болды. Бірақ, осындай ақиқатты жауып, фильмде Пайғамбар әйелін өзінің күйеуіне көмектесіп, яғни жақсылыққа болысып жүрген иманды жан бейнесінде көрсеткен. Сондай-ақ, пайғамбардың ұрпақтарын да бейәдеп, тәрбиесіз етіп бейнелейді. Яғни, Нұхтың (ғ.с.) үлкен ұлдарының бірін некесіз әйелмен арсыз істі жасаушы етіп көрсетеді. Бұл да өз кезегінде тек жала болып қана қоймай, көрермендерді қате түсінікке, ашық арсыздыққа итермелейтіні ақиқат.

Осы орайда, ғұламалар пайғамбарды кино қаһарманына айналдырғаны үшін режиссер Даррен Аронофскиді айыптады. Ислам ғалымдарының айтуынша, ол, яғни режиссер жоғарыда айтқанымыздай пайғамбарлардың бейнесін бұрмалап, ақтап алуға келмейтін ағаттыққа жол берген. Сондай-ақ, актер қанша жерден талантты болса да, олар пайғамбарлардың бейнесін дәл аша алмайды. Міне, осы себепті де бұрмалаушылыққа жол береді. Өйткені, пайғамбарлардың көркем мінезі, жүріс-тұрысы, болмыс-бітімі, арман-аңсары, мұрат-мақсаты әдеттегі жұрттан әсте бөлек. Тіпті, әйгілі Ислам ғұламаларының бір ауыздан келіскен: “Пайғамбарларды фильмде бейнелеуге болмайды”, – деген пәтуасы да бар.
Әлемге әйгілі әл-Әзһар ғалымдары да аталмыш картинаға сын айтып қана қоймай, кезектен тыс шұғыл мәжіліс өткізіп, кинотеатрларды сотқа беруді жөн көрген.


Құрметті мұсылман бауырлар! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Алланың рақымынан үміт еткен әрбір жан бұл фильмді көрмегені абзал. Себебі, оны көру арқылы жүректеріңіздегі сенімдеріңізге селкеу түсуі әбден мүмкін. Алла баршамызды тақуа құлдарынан етсін!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: