Қадір түні – тағдыр түні

Қадір түні – тағдыр түні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қадір түні деп аталу себебі

1. Бұл түн аса қадірлі түн, өйткені араб тіліндегі «لَيلَةُ القَدر» сөзі: «қадірлі түн, құдіретті түн, маңызды түн» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түн басқа түндерден орны ерекше. Өзге түндерде жасалған ғибадаттар оған жете алмайды. Сондықтан атына затына сай «қадір түні» деп аталған.

2. Бұл түнде жаратылыстардың тағдыры белгіленіп, келесі қадір түніне дейінгі болатын (адамдардың рызық несібелері, өмір өлшемдері секілді) маңызды оқиғалар Алла тағала тарапынан періштелеріне аян болады.

      Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағалаға: «Уа, Раббым, менің үмметімнің өмірі қысқа, амалдары аз», деп дұға еткен. Сонда Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Қадір түнін сыйлады және былай деді: «Қадір түні саған және сенің үмметіңе мың айдан артық».

Қадір түнінің маңыздылығы

Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады»[1], – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған.

-         Құран – қадір түнінде түскен.

Құранда осы қасиетті кітаптың рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ

«Рамазан – адамдарға тура жол нұс­қаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай»[2].

Ал рамазан айының ішіндегі қадір түнінде Құранның түскендігі жайында Алла Тағала арнайы «қадір» сүресін түсірді. Қысқа сүре болса да, көптеген мағынаны қамтиды. Осы сүреге қысқаша тоқталып өтсек: إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ «Шынымен де Біз Құранды Қадір түні түсірдік».

-  Жәбірейіл және басқа да періштелер түсетін түн.

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْن رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ

«Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух (Жәбірейіл) түседі»[3].

Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады»[4].

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

- Тыныштық пен есендікке бөленетін, тозақ азабынан құтылатын түн.

سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْر

«Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) сәлемі жалғаса­ды»[5] – делінген.

-       Мың айдан қайырлы. لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْر «Қадір түні мың айдан қайырлы»[6].

Қадір түні мың айдан артық. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.

- Қате, кемшіліктер, күнәлар кешіріледі. Хадис шәріпте:مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ 

«Кімде-кім қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі»[7], – делінген.

- Қадір түні берекелі түн. Құранда Аллаһ тағала:

إِنَّا أَنْزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ

«Біз Құранды берекелі түнде түсірдік»[8], – дейді.

Ақын Қалқаман Сарин өзінің өлең шумақтарында қадір түніне байланысты:

Құл болу құрмет қой, ҚҰДАЙҒА,
Фәнилік ұмытып уайымды.
Нұр шашқан нығметті бұл айда,
Бір түн бар - мың айдан қайырлы!

Бұл түнді тең қылған бір Алла!
Сексен үш жыл менен төрт айға.
Бұл түнде бұйырған ҚҰРАН – бақ,
Әр жолы – Ақиқат, мол пайда...

Көшеде адасып кісі көп,
Мешіттің есігін таппай жүр.
Мұхаммед үмметі, шүкір ет,
Басқаға бермеген бақ қой бұл! – деген екен.

Қадір түні рамазанның қай түніне тура келеді?

Алла тағала бұл өмірді сынақ ретінде жаратқан. Сондықтан да өмір ішіне өлімді, дұғаның қабыл болатын сәтін жұма күнінің белгілі бір уақытына жасырып, нақты көрсетпеген. Қадір түнін де рамазан айының қай түні екенін де ашық білдірмеген. Қадір түнінің нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғана білген. Алайда әр істі белгілі бір хикметпен жарататын Алла тағала пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны ұмыттырған.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : أُرِيتُ لَيْلَةَ الْقَدْرِ ثُمَّ أَيْقَظَنِي بَعْضُ أَهْلِي فَنُسِّيتُهَا فَالْتَمِسُوهَا فِي الْعَشْرِ الْغَوَابِرِ

Әбу Хұрайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Түсімде қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, жаңағы уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер»[9] деген.

Ибн Аузағи (р.а.) және Суфян ибн Ұяйнаның (р.а.) риуаятында:

Ант етемін, мен Қадір түні Рамазан айының жиырма жетісі екенін білемін, өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) біздерге сол түні ұйықтамауды бұйырған”[10], – делінген.

Икримадан жеткен хадисте Ибн Аббас былай дейді:

«Омар (р.а.) сахабаларды жанына шақырып қадір түні жайлы сұрайды. Барлығы қадір түні рамазан айының соңғы он күнінде екендігін айтады. Сонда Ибн Аббас Омарға:

– Мен қадір түні қай түн екендігін білемін, – деді. Омар (р.а.) қай түн екенін сұрады. Ибн Аббас:

– Соңғы он күннің жетеуі өткенде (27-і) немесе жетеуі қалғанда (23-і), – дейді. Омар:

– Сен мұны қайдан білдің? – деді. Ибн Аббас:

– Алла тағала аспанды жеті қабат етіп жаратты, жерді де жеті қабат жаратты, жеті күнді жаратты, ғасыр жетіде айналады, адам жетіден жаратылды, жеті нәрсені жейді, жеті ағзасымен сәжде етеді. Тауап жасау жеті, тас лақтыру жеті. Содан білдім, – дейді. Сонда Омар:

– Сен біз білмегенді білген екенсің, – дейді.

Жалпы алғанда бұл хадистер рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті айдың жиырма жетісінде делінген. Бұл да пенденің Алланың разылығына жеткізетін істерді істеуге, түндерді іздеуге қызықтырады. Алайда мұсылманның тек осы күні ғана сауапты істерді істеп басқа күндерді босқа өткізу жеткілікті деуге болмайды. Сол үшін де бұл түнді жасырып қойған. Сондықтан мұсылман барлық күндерін осы қадір түні секілді біліп, маңызды санап, дұға-тілекпен, құлшылықпен өткізсе, қадір түніне де дөп басуы мүмкін.

Қадір түнінің белгісі

Әбу ибн Кағб Аллаһ елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қадір түнінің белгілері жайлы мынадай деректер жеткізген:

Ол түн тыныш болады. Қатты ыстық я қатты салқын да емес. Алла тағала кейбір адамдарға түсінде немесе өңінде білдіреді. Сол түннің нұрлы екенін көреді. Кейде жүрегіне осы қадір түні екендігі білдіріледі. Алла тағала барлығын білуші[11].

وعند أبي داود (تُصْبِحُ الشَّمْسُ صَبِيحَةَ تِلْكَ اللَّيْلَةِ مِثْلَ الطَّسْتِ لَيْسَ لَهَا شُعَاعٌ حَتَّى تَرْتَفِعَ)

Әбу Дәуіт: «Қадір түнінің таңында күн шуақсыз туады. Көтерілгенге дейін бір табақ секілді болып көрінеді» дейді (Мүслим).

Қадір түніндегі құлшылықтар

Қадір түнінде жасалған дұға-тілектер қабыл болады. Абдулла ибн Омардың (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), қадір түні және айттың бірінші күні»[12] деген.

عَنْ عَائِشَةَ رضي الله عنها قَالَتْ : قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ أَرَأَيْتَ إِنْ عَلِمْتُ أَيُّ لَيْلَةٍ لَيْلَةُ الْقَدْرِ مَا أَقُولُ فِيهَا ؟ قَالَ : قُولِي اللَّهُمَّ إِنَّكَ عُفُوٌّ كَرِيمٌ تُحِبُّ الْعَفْوَ فَاعْفُ عَنِّي

Айша (р.а.) анамыз пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қадір түні қалай дұға етемін деп сұрағанда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уа, Раббым, Сен, әрине, кешірімдісің, жомартсың. Кешірімді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!»[13] деп дұға ет дейді.

Алла тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп қана жаратқан. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі ғибадат жасап, нәпіл намаз оқып, Аллаһқа жақындататын іс жасаған абзал.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» дейді.

Бисмиллә
Жараткан ием озіңе ғана табынам,
Кулынды кешір?
Жаман адеттен арылам...
Кешірші мені, кунәмді кешір ия Алла?
Өмір жолымнан адастырмашы жалынам?

Жалынам саган кулына ләйім жак болшы?
Адастырмашы, мумкундік берші, бақ берші?
Кешірші Алла, кешіре корші құлыңды?
Тек жүрегіме бір уыс иман сап берші?

Жүрекке иман, ақылды берші басыма?
Амандық берші, адалдық берші асыма?
Кешірші Алла, кешіре көрші пендеңді
Коса көр мені иманды жанның касына?

Мейіріміңді төге көр маған Жаратқан?
Тек сенің ғана қалауыңменен таң атқан.
Сенемін саған, тілерім енді ия Алла
Адам қыл мені, елін аузына қаратқан!... –
ақынБақдәулет Арыстан өлең-шумақтарында атап өткендей Алладан түрлі күнә атаулыдан кешірім сұрау мен елімізге, жерімізге, ата-анамыз бен отбасымызға амандық, татулық, имандылық және т.б. ізгіліктер тілеу арқылы осы аталған түндерді өткізу адамдық пен имандылықтың белгісі болса керек. Осы түндегі уақыттарды тиімді пайдалану бізге берілген үлкен нығмет.

  Биыл қадір түні мамыр айының 8-нен 9-на қараған түні белгіленгенді. Алла тұтқан оразаларыңызды, қадір түнінде тілеген дұғаларыңызды қабыл етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

 Даурен Нұржанұлы

 Қордай ауданының найб имамы 

asyldin.kz


 

[1] Ибн Мәжә, Сиам 1634
[2] «Бақара» сүресі, 185-аят.
[3] «Қадір» сүресі 4 аят
[4] Ахмад 10316
[5] «Қадір» сүресі 5 аят
[6] «Қадір» сүресі 3 аят
[7] Бухари, Муслим,
[8] Духан сүресі 3 аят.
[9] Муслим, Сиам, «лаулатул қадр» 1992
[10] Муслим, Ахмад, Абу Дауд и Тирмизи
[11] Мажмуал фатауа 25/285
[12] Абдулла Ибни Әюб, қасиетті күндермен-түндердің артықшылығы, 65
[13] Тирмизи 3/170

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: