НӘПСІ ТӘРБИЕСІ (ИХСАН ІЛІМІ)

НӘПСІ ТӘРБИЕСІ (ИХСАН ІЛІМІ)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Нәпсі тәрбиесі дінімізде ерекше орын алып, адам баласының ахлағын дұрыстауға маңызды роль атқарады. Нәпсі тәрбиесі жайында Алла Тағала "Хашыр" сүресінің 18-ші аятында былай дейді:

 ا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَلْتَنْظُرْ نَفْسٌ مَا قَدَّمَتْ لِغَدٍ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ.

 Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Және Алладан қорқыңдар. Шәксіз Алла, не істегендеріңді толық біледі. ("Хашыр",18)

 Адам баласы үшін дұшпандардың ішінде ең жаманы шайтан болатын болса, адамның нәпсісі одан да жаманырақ дұшпан болып саналады.

Шайтан адамның нәпсісін өзіне қарсы құрал етіп, Алланың жолынан адастыруға, сан түрлі күнәлар жасауға, екі өмірдің жақсылығынан құр қалдыруға әрекеттер жасайды. Ал Адам баласы бұл жамандықтан сақтанып, ақыреті үшін не нәрсе дайындап жатқанына терең мән беруі керек.

Тәпсірші ғалымдарымыз жоғарыдағы аятты адам баласына "ескерту", "сақтандыру" үшін жіберілгенін айтуда.

Пенде бұл өмірде жасаған әрбір амалдары үшін қияметте жауап беретінін білетін болса, үнемі жақсылық үстінде жүріп, ізгі амалдарын көбейтеді, әрі өзгелерді сол жолға шақырумен болады.

 Адам нәпсісі барлық тәрбиеге мұқтаж. Адам баласы өз нәпсісін тану, тәрбиелеу арқылы өз кемеліне жетеді. Иманды, тақуа адамдардың барлығы да өз нәпсілерін танып, әрі тәрбиелеп өз дәрежелеріне жеткен кісілер. Өйткені, өзінің нәпсісін танымаған адамнан ізгі, тақуа адамның шығуы қиын. Нәпсісіне бұғаттау салу жайында Лұқман Хәкім өзінің ұлына:

«Әй, ұлым! Аллаға серік қоспа. Өйткені серік қосу – өте үлкен зұлымдық. Әй, балам! Намазды орында. Жақсылыққа шақыр, әрі жамандықтан қайтар. Және басыңа түскенге сабыр ет. Адамдардан бетіңді (менменси) қисайтып бұрма, әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме! Ақиқатында Алла әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақты жақсы көрмейді. Әрі жүрісіңде орташа, бірқалыпты бол және дауысыңды бәсеңдет. Өйткені дауыстардың ең жағымсызы – есектің дауысы» (Лұқман» сүресі, 13-19 аят),-деп көптеген тәрбиелі өсиеттерін жолдаған.Жоғарыдағы Хәкімнің әрбір сөзі нәпсінің тәрбиеленуіне мол ықпалын тигізері сөзсіз.

 Сол үшін де жаман нәпсі барша жамандықтың бастауы, барлық күнә істердің көбеюіне себепкер болады. Нәпсісінің жетегіне еруші, нәпсісіне құл болушы адам Алла Тағаланың рақымынан, екі өмірдің бар жақсылығынан мақрұм болады.

 Қазіргі таңда нәпсілерінің құлдары болған кейбір адамдар, өмірдің түрлі тауқыметтерін бастарынан кешуде. Яғни, түрлі күнә істерді жасауына кіріптар болуда. Түрлі азғындықтарға, замануи ағымдар жетегіне, адам саудасына, жемқорлыққа т.б. көптеген опасыздықтарға кіріп кетулеріне жаман нәпсінің әсерлері өз әсерлерін тигізуде.

 Адам баласының екі өмірде де дұрыс, салихалы ғұмыр кешуі үшін оған пайдалы білім, терең ой, тақуалы өмір сүруі талап етіледі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл жайында:

"Бір сағаттық терең ой (тәфәккур) бір жылдық (нәпіл) ғибадаттан жақсырақ", - деп, өз үмметтеріне өз нәпсілерін тәрбиелеуге шақырады.

 Нәпсінің түрлеріне қысқаша тоқталып өтетін болсақ, ғалымдар адам бойындағы нәпсілердің бірнеше түрге бөлінетінін айтады.

 1."Нәфсул-Әммара".

Адам баласының табиғи жаратылысындағы нәпсі. Бұл нәпсіге ішуді, жеуді, ұйықтауды жатқызып, оған бұл дүние және ақырет күні жайлы еш уайымдамайтын, қайғырмайтын, былайша айтқанда еш қам жемейтін балалық шағын мысал ретінде келтіреді.

"Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады. Бірақ та Раббым мәрхамет етсе ол басқа. Күдіксіз Раббым өте жарылқаушы, ерекше мейірімді” ("Юсуф" сүресі, 53-аят).

 2.Нәфсул-Ләууама.

Нәпсінің бұл дәрежесі адамның ақылы кіріп, жақсы-жаманды ажырататын, қате істеріне өкінетін деңгейдегі кезін жатқызады. Нәпсінің бұл дәрежесінде адамның бойында өзіне тән ар-ождан, ұяты өзіне шешім шығара алатын жағдайын жатқызған. Өйткені бойында ар-ұяты бар адам өзін-өзі тергеп, саралай алады.

"Жоқ, сөгіс беруші нәпсіге ант етемін". ("Қиямет" сүресі,2-аят)

 3.Нәфсул-Мутмәиннә.

Нәпсінің бұл дәрежесіне адамның өзін тәрбиелейтін, тыныштыққа үндейтін кезін жатқызады. Нәпсінің бұл дәрежесіне адамның бойындағы иманы үкім ете алады.

«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (Рағыд сүресі,28-аят).

 Кейбір ғұламалар нәпсінің тағы да басқа түрлері бар деген тұжырымға келген. Оған Нәфсул-Мулхама, Нәфсур-Радия, Нәфсул-Мәрдия, Нәфсус-Сәфия сияқты төртеуге жуығын келтірген.

 Нәпсіміз тәрбиеленбесе, адамдардың ахлағы дұрыс болмаса, түрлі жақсы насихаттардан еш пайда болмайды. Өйткені, барлық жақсылықтардың кеңінен таралуына адам нәпсінің тәрбиесі зор мұмкіндіктерге ие. Нәпсі көркем өнегелі, ізгі адамдар мен дұрыс орталарда кеңінен тәрбие алады. Нәпсісіне құл болған, еш терең ой жүгіртпеген, ілім үйренілмеген ел ішінде жаман нәпсі үнемі өз зарарын тигізумен болады. Ондай орталарда нақақтан қан төгулер, түрлі алауыздықтар кеңінен орын алады. Нәтижесінде, Алла Тағаланың пәлекеттері жауады.

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: "Бұл дүниеде жәннаттық істер нәпсі қаламайтын нәрселермен қаптатылған. Тозақтық істер болса нәпсіге шырайлы етіп көрсетілген",-дейді.

 Сол үшін де адам өз нәпсісін тәрбиелеу жолында үнемі жаман істерден аулақ болып, жақсы істерге қарай қадам басуы керек. Ілгеріде бір шәкірт ұстазының алдына келіп:

-Ұстазым, мен нәпсім бұйырғанды орындайын ба, әлде нәпсім бұйырғанға қарсы іс жасайым ба? "-деп сұрапты. Сол кезде ұстазы:

-"Нәпсіңді Алланың бұйрығымен тәрбие қыл! ", - деп жауап берген екен.

 Нәпсісін тәрбиелей алатын адам жөнінде,

Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.): "Менің құзырымда, нәпсісін сындырып, оны тәрбиелей ала алған адам, жалғыз өзі бір шаһарды басып алған жауынгерден де абзалырақ" деген екен. Сөз соңында айтарымыз,қоғамның дұрыс болуы, жұртымыздың гүлденуі үшін адам өз нәпсісін жеңе білгені ізгі амалдардың бірі саналады.

 Алла Тағала баршамызды Рамазан айынан кейін де нәпсімізді тәрбиелеумен шұғылданып жүруімізді нәсіп етсін!

 Ү.Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Луговой ауылы, Т.Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: