Жат ағымдардың алдын алу мақсатында Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылдық мешітінде РАНТ мүшелерінің қатысуымен насихат айтылды. Шарада Алматы қалалық "Бәйкен" мешітінің наиб имамы Нұрболат Дүйсенбаев пен Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Бахтияр Амиреев жамағатпен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Теріс бағытты ұстанушылардың сенімі, ата дінімізден айырмашылығы, жат жолға түсіп кетпес үшін нені білу керек сынды мәселелер тілге тиек болған жиында діни білімнің маңыздылығы да сөз болды.
"Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз," - деп атап өтті Бақтияр Амиреев сөз соңында.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі