Дубайда пайғамбарымыз (с.а.с.) жайлы тұрақты көрме ашылады

Дубайда пайғамбарымыз (с.а.с.) жайлы тұрақты көрме ашылады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дубай әмірлігінің тұрғындары мен меймандары осыдан 1435 жыл бұрынғы кезеңге, дәлірегі, пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) өмір сүрген дәуіріне, сол кездегі Мекке шаһарына саяхаттауға мүмкіндік алды. Мұнда Алла елшісінің (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) өнегелі өмірі мен дүбірге толы дәуіріне арналған тұрақты көрме ашылатын болды.

Негізінен осыдан 14 ғасыр бұрынғы Мекке шаһарының көшірмесінен тұратын көрме «Ассаламу Алейкя айюхха ан-Наби» («Саған Алланың сәлемі мен игілігі жаусын») деп аталады. Мұсылмандардың көзайымына айналуы тиіс аталмыш көрме қасиетті Құранды оқудан халықаралық бәйге өтіп жүрген Дубайдағы жаңа ғимаратқа орналасқан. Бұл көрме есімі елге белгілі ғалым, шайыр әрі жазушы Нәсір әз-Захрани іргетасын қалаған Ардақты елшінің (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) Меккедегі мұражайының бөлімшесі болады.

Әр шаршы метрі шамамен 2,5-ті құрайтын, тастан қаланған, саманнан тұрғызылған үйлердің, құрма ағаштарының, құдықтың шағын көшірмесі арқылы Ақиық елші (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) өмір сүрген дәуірді көз алдыңа әкелетін Мекке макетінен бөлек Екі әлем сардары (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!)  мен сахабалар хижрет еткен сол замандағы Мәдина шаһарының да кішірейтілген үлгісін тамашалауға болады: тұрмыс заттары мен тұтыну бұйымдары, киім үлгілері, т.б. Көрмедегі жекелеген көріністер аудиовизуалды құралмен де таныстырылады.

Сондай-ақ, бұл көрмеден Адамзаттың асыл тәжі атанған Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) жеке заттары мен бұйымдарын да тамашалауға болады. Солардың ішінде Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) «Мұхаммед – Алла елшісі» деген жазуы бар жүзігі мен жеке мөрін де тамашалауға болады.

«Әлбетте, біздің қолымызда Оның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) өзі пайдаланған, қолымен ұстаған бұйымдардың түпнұсқасы жоқ. Алайда, біз өз бетімізше зерттеу жүргізіп, қасиетті Құранда, хадистерде айтылған деректерге сүйене отырып жасадық,– деді осы жобаның кураторы Ясер Абдел Мохсен. – Біз алдағы уақытта Пайғамбарымызға ас әзірленген ас үйдің де, сонымен бірге, шөптен дайындалған дәрі-дәрмек пен сол замандағы дәстүрлі медицинаға тән дәріхананың да көшірмесін жасауды ойластырып отырмыз».

Аталмыш көрменің ашылу салтанаты «Маулид ан-Наби» күніне орайластырылып отыр. 

muslim.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: