Ата-бабамыз әлімсақтан бері тура жолдың бастауы, ар-ұят пен ақиқаттың, шындықтың шырақшысы етіп ұстанып келе жатқан ислам діні салтымыз бен таным-түсінігімізден бір елі ажыраған емес. Тарихы тереңге тамыр жайған жұртымыздың асыл дінін ардақтайтын, құлшылық ететін орны мешіт болса, сол діннің діңгегін ұстап тұрар, мұсылман қауымының ағартушылық ордасы – медресе екені сөзсіз. Ислам діні тек сенім емес, ілім-ғылымның, тәрбиенің бастауы екенін ескерсек, сол білім нәрімен сусындайтын орда да осы киелі орын.
Бүгін, 20 наурыз барша мұсылман қауымының қуанышты күні. Себебі, бейбітшілік пен ынтымақты сақтаған ауданымызда Ислам дінінің білім ордасы – аудандық Қаратау Қажы би мешітінің жанынан сауат ашу курсы ашылып отыр. Жыл басы саналатын Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған бұл жаңалығымыз жақсылықтың нышаны деп білеміз. Осы орайда игі істің басында болып, демеушілік жасаған ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің игі істің басында болып, демеушілік жасаған азаматтарымызға алғысқатпен марапаталды! Бас имам алғыс хатын Жамбыл облысы «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы табыстады.
Бұл игі шараға республикаға аты танымал болған ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы және РАНТ топ мүшесі Қабылбек Әліпбайұлы сынды ұстаз ғалымдар арнайы келіп, сауат ашу курсының салтанатты ашылуы рәсіміне қатысты.
Береке мен бірліктің бастауы болар білім ордасынан тұтастық пен татулықты ту етіп ұсар, ғаламға танылар ғалымдар шыға берсін. Төрт тараптан төріне білім іздеп келушілер көбейсін.
Аудандық «Қаратау қажы би» мешіт баспасөз қызметі