Араб тілінде "ихсан" сөзі жақсылық жасау дегенді білдіреді. Шынайы мәні - амал барысында Алла тағаланы көріп тұрғаныңдай құлшылық ету. Бұлай қолыңнан келмесе, Алла сені не істегеніңді көріп тұрғанын есіңе алу.
Жалпы, ихсан ілімі мұсылманның ақылын нұрландырып, тілін Алланы еске алумен, дене мүшелерін Алла сүйген амалдармен шұғылдандырып қояды. Нәтижесінде, бұл адам Аллаға жақындататын амалды ұстанып, Алланың ашуына апаратын нәрселерден алыс болады. Алла оның ішкі және сыртқы дүниесін дұрыстайды.
Ондай адам басқалармен болған қарым-қатынасында сыпайы әрі жұмсақ болады. Яғни, адамдардың көңілі оған бұрылып, әрі одан разы болады.
Пайғамбарымыз ( оған Алланың игілігі мен сәлемі ): " Егер Алла бір пендесін жақсы көрсе, Жәбрейіл періштені шақырып: "Алла "пәлен" деген құлын сүйді, сенде оны сүй" - деп, бұйырады. Сонда ол құлды Жәбрейіл періште де сүйіп, періштелерді шақырып: "Шынында Алла "пәлен" - деген құлын сүйді, сендер де оны сүйіңдер" - дейді. Періштелердің бәрі оны жақсы көретін болады. Осыдан кейін ол адам жер бетіндегі адамдарға да ұнап қалады" - деген.
Міне, осыдан кейін адам барлық жағдайда Алланы тілімен, жүрегімен де, істеген амалдарымен де еске алады. Сонымен қатар адам жан дүниесін, тәнін мен киімін лас нәрселерден тазартады.
Ғани ТАҢАТАРОВ,
Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылы
"Бектөбе" мешітінің имамы