Бүкіл әлемдік ислам экономикасына қатысты 9-шы форумда Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон осындай мәлімдеме жасады.
Ол шетелдік, соның ішінде, мұсылман елдері инвестициясының Ұлыбритания экономикасына тигізер пайдасын тілге тиек етті.
"Лондон ислам қаржысының аса ірі орталығына айналып үлгерді. Алайда, біз бұған тоқмейілсіп қалмауымыз керек. Лондон батыс елдеріндегі ислам қаржысының аса ірі астанасына айналып қана қоймай, бүгінгі таңда әлем бойынша ислам қаржысының «қазанын қайнатқан» Дубаймен немесе Куала-Лумпурмен қатар тұруы тиіс»,– деді ол.
«Ислам қаржысының өсу қарқыны дәстүрлі банк қызметінен 50 пайызға артық. Әлемдік ислам инвестициясы 2014 жылға қарай 1,3 трлн доллардан асуы керек. Сол себепті, осы инвестицияның едәуір бөлігі Ұлыбританияға да тиесілі болуы керек»,– деді ол мәлімдемесінде.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Ұлыбритания шариғат талаптарына сай тәуелсіз құнды қағаздарды мұсылман емес елдер бойынша бірінші болып шығарады. Осынау құнды қағаздардың алғашқы транш мөлшері 200 млн фунтты (320 млн долларды) құрайды. Британ билігінің пікірінше, бұл құнды қағаздар Ұлыбританияда ислам қаржысының артуына септігін тигізбек.
Сондай-ақ, ол қызметі мұсылмандардың талғамы мен талабына сай келетін компаниялар акциясы қамтылатын арнайы индексті енгізу туралы Лондон қор биржасының дүйсенбідегі шешімін құптайтынын жеткізді. Аталмыш индекстің өз қаржысын шариғат талаптарына сай салатын инвесторларға бағдар болатынын айта кету керек.