Бір патша уәзірлерін жинап, кеңес өткізеді. Күн тәртібінде мемлекетті қалай тығырықтан шығару мәселесі тұрады. Ойлануға біраз күн беріледі. Сонда бір уәзір өз жобасын ұсынады. Бұл уәзір патшаның мемлекет ісін жүргізудегі қабілетсіздігін сырттай сынға алып жүреді екен.
Сонда патша уәзірге: “Бұл жобаңды өз отбасыңнан бастап көрші” – дейді. Амал жоқ, айбынды патшаның айтқанына уәзір көнеді. Жобасын өз отбасының өміріне енгізіп көреді. Бірақ оның оң нәтижесі отбасы тәжірибесінен көріне қоймайды.
Сонда патша: “Бұл жобаң шағын өз отбасыңды жақсылыққа жеткізе алмады, ал шалқар мемлекетті қалай ұшпаққа шығармақшы?” – деген екен. Әрине, уәзір жобасы қабылданбайды, өзінің де басын сипай қоймайды.
asyldin.kz