Жыл сайын жыл соңында ел ішінде «Black friday» (Қара жұма) акциясы өтеді. Дінімізге де, дәстүрімізге жат осы атаудың өңін өзгерту мақсатында ҚМДБ «Жомарт жұма» акциясын ұсынған болатын.
ҚМДБ ұсынысына алғашқылардың бірі болып елордадағы «Алтай» жеке кәсіпкерлігіне қарасты «DAPANRU» дәмханасы қолдау білдіріп, дәмхананың барлық өніміне әр жұма сайын 50% жеңілдік жасады. Сондай-ақ дәмхана басшылары бұл акцияның жыл бойы жалғасатынын хабарлады.
Жақсылыққа қол ұшын созған «DAPANRU» халал дәмханасының бұл бастамасына Діни басқарма басшылығы қолдау білдіріп, «Халал Даму» мекемесінің «ҚМДБ халал» сертификатын табыстауды жөн көрді.
«Халал Даму» технолог мамандары дәмхана аймағында бақылау-қадағалау шараларын жүргізіп, қажетті азық-түліктер мен шикізаттарды толықтай тексерді. Зертханалық тексеру нәтижесінде дәмхана өнімдері мен қызметі «ҚМДБ халал» сертификатына лайық деп танылды.
Осыған орай бүгін «DAPANRU» халал дәмханасына «ҚМДБ халал» сертификатын Бас мүфтидің кеңесшісі Балтабай Уәжитұлы табыстады.
«Жұма – аптаның сұлтаны, күндердің төресі. Жұма – мұсылмандар үшін қасиетті күн. Адамның ең жақсысы – басқаларға пайдалы болғаны. Ал амалдар ішіндегі Аллаға сүйіктісі – адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау. Дәмхана ұжымы «Жомарт жұма» бастамасын қолдау арқылы қаншама адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлады. Алла Тағала Құранның «әр-Рахман» сүресінде: «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деген. Біз де сіздің жақсылығыңызды жақсылықпен қайтаруды жөн деп санадық», – деді Балтабай Уәжитұлы.
Айта кетейік, «DAPANRU» дәмханасы «Тамақтандыру қызметтері» және «Халал өнімдерді өндіру, өңдеу, дайындау, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы стандарт» талаптары бойынша «ҚМДБ халал» сертификатын алды.