Мұсылманның бір-біріндегі ақысы: Сәлем беру

Мұсылманның бір-біріндегі ақысы: Сәлем беру

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құқық адамды дінге, нəсілге немесе жынысқа бөліп-жармайды, ол жалпыға ортақ басты құндылық. Нағыз мүмин Аллаға иманы, ғибадаты, кісі ақысына мұқият болуы арқылы қара қылды қақ жарғандай əділ өмір сүруге тиіс. Тіпті, мүмин бауыры күнə жасағанда өзегі өртенетін, өзінің бас пайдасынан гөрі өзгені ойлайтын кең жүректі жан болуға ұмтылуы қажет. Əр мүмин кісі ақысы мансұқ етілетін жағдайға жол бермеуі тиіс.

Мүмин кісі ақысына келгенде екінші тараптағы мүминнің де мүддесіне, пайдасына оң көзбен қарауы керек. Осы бөлімде қозғалатын мəселелерді Имам Ғазали сынды үлкен Ислам ғалымы «ақы, құқық» мəнінде қарастырған. Аят пен хадистерде баяндалған бұл заңға тəн жүйені жалпылама мінез-құлық ұстанымдары ретінде қабылдауға да болады. Бірақ, астарына үңілсек, бұл жайттардың кісі ақысын мансұқ етуге апаратын факторларға айналу қаупі барын көреміз. Сондықтан, осы бөлімде баяндалған мəселелерді мүмкіндігінше кеңінен саралап қараған жөн. Көрнекті Ислам ғалымы əрі ойшылы Имам Ғазали мұсылманның мұсылман бауыры алдындағы міндеттерін былай жеткізеді.

1. Сәлем беру

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) хадистерінде «жол жүргеннің ақысы» деп аталған міндеттер қатарында сəлем беруді айрықша атайды. Тағы бір хадисінде: «Тіл қатпай тұрып алдымен сəлем беріңдер», – деген. Сəлемдесуді елге жаюдың қандай игі амал екенін мына хадистен білеміз. Біреу Алла елшісінен (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Исламның ең қайырлы қасиеті қайсы деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.) оған: «Қонақасы беру, танысқа да, бейтанысқа да сəлем беру», – деп жауап берген».

Дастархан басында отырған қонақтың үй иесіне дұға еткені дұрыс. Ризығын табуға себепкер болған жұмыс берушіге де жұмысшы тап солай тілеулес болуы керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)жеті нəрсені жасауға асық болуымызға əмір еткен хадисінде «сəлемді кеңінен тарату» да ұмыт қалмаған. Мұның жақсы бастама, ізгі амал екенін мына хадистен аңғарамыз: «Сендер иман келтірмейінше, жаннатқа бара алмайсыңдар. Бірбіріңді жақсы көрмейінше, иман келтірген болмайсыңдар. Біріңді-біріңе деген құрметті арттыратын не екенін айтайын ба? Араларыңда сəлемдесуді жайыңдар». Туфəйіл ибн Үбəй ибн Кааб үнемі Абдуллаһ ибн Омармен бірге базар аралауға шығатын. Сондай күндердің бірін былай деп еске алады: «Біз базар аралағанда Абдуллаһ қарсы жолыққанның бəріне, ескі-құсқы сатқанға да, қымбат дүкен ұстағанға да, жарлы-жақыбайға да сəлем беретін. Кезекті бір базарға барарда тағы да мені ерте кетті. Əдеттегідей базар араладық. Абдуллаһ ештеңе сатып алмады. Мен көптен бері көкейімде жүрген сұрақты осы жолы қойдым. «Сен өзің онша сауданың жөнін білмейсің, не бір зат алмайсың. Базарға не үшін келесің?». Менің бұл сұрағыма Абдуллаһ былай деп жауап берді: «Уа, Əбу Батн, біз мұнда жұртпен амандасу үшін келеміз. Жолда ұшырасқандардың бəріне де сəлем беру үшін». Үлкен Ислам ғалымы имам Құртуби сəлемхатқа жауап қату турасында былай деген: «Сəлемхатқа міндетті түрде жауап қату керек. Өйткені, алыстан келген хат жолда кездескен адамнан алған сəлем сияқты. Осы тұрғыда Абдуллаһ ибн Аббас өзіне келген хатқа жауап жазуды уəжіп деп білген. Бұл туралы Исламның құқықтық мектептері саналатын мəзһабтарда нақты бір үкім болмаса да, сəлем жолданған хатқа жауап жазу уəжіп деп бағалануы тиіс. Салыстыра қарасақ, хатқа жауап жазу ауызша сəлемге жауап бергенмен бірдей. Тек, хатты жауапсыз қалдыру оңай, алайда жүзбе-жүз кездескенде айтылған сəлемді алмау қиынға соғады».

Байланыс желісінің технологиясы барынша дамыған мына заманда электронды пошталар мен телефон хабарламаларын осы тұрғыдан қабылдауымыз керек. Сəлем жолданып жазылған хат-хабарламаларға қайтарма жауап жазу мұсылманнан сұралар міндеттің бірі.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: