Төреші кім?

Төреші кім?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ерні еріндеріне тимей адамдар біреуді мінеп-сынағанды өте жақсы көреді, бірақ, өкінішке орай, мәселе өздеріне қатысты болса, ауыздарына құм толтыра қалады. Халық даналығы айтқандай: «Өзінің түйедейін көрмей, біреудің түймедейін көреміз».

Бұл мәселе жөнінде Қасиетті Құранда былай айтылған:

«Қиямет күні, туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір ұрық түйірінің салмағындай болса да оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз!» (21:47).

«Амал дәптері алдарына қойылады. Сонда күнәкарлардың одан қорыққанын көресің. Олар: “Абырым-ай! Бізге нендей өкініш! Мына кітапта кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті” дейді. Сондай-ақ олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік қылмайды!» (18:49).

«Сол күні әркім істеген игілігін әзір табады да істеген жамандығының арасымен өз арасының ұзақ қашықтықта болуын қалайды. Алла сендерді өзі сақсындырады. Алла (Т.) құлдарына тым жұмсақ» (3:30).

«…Ал (бұндай ғыддат ішіндегі) әйелдерге үйленуді жақауратып ескертулеріңде немесе іштеріңде сақтауларыңда бір сөгіс жоқ. Алла (Т.) негізінен сендердің оларды еске алатындықтарыңды біледі. Бірақ олармен жасырын уәде байласпаңдар. Әрине олармен әдеттегі сөз сөйлесу басқа. Ғыддаты жетпейінше неке байлауды ойламаңдар.

Расында Алланың жүректеріңдегіні білетіндігін біліңдер. Сонда Одан именіңдер әрі біліңдер. Алла (Т.) тым жарылқаушы, ерекше мұлайым» (2:235).

Ілім иелері бұл аяттарды біз Алла Тағаланың бақылауындамыз әрі әрбір сәт үшін есеп береміз дегенге дәлел ретінде келтірген.

Олардың көзі жеткені — бұл қауіптен адамдарды құтқара алатын нәрсе тек олардың үнемі өз-өзінен есеп талап етуі, өзін-өзі адал бақылауы, әр басқан қадамын бақылап отыруы, өйткені өзінен-өзі есеп талап етушіден басқа жерде, басқа уақытта, Қиямет күнгі есеп беруі жеңілдетіледі де ол жауап бере алады және оның ісінің нәтижесі жақсы болады!

Ал егер адам баласы өз-өзін есепке тартып отырмаса, оның бақытсыздығы үнемі жалғаса беретін болады әрі Қиямет күні оның жауап беруі ұзаққа созылып, ал оның жасаған жаман амалдары оны жек көрушілік пен масқаралыққа әкеліп соғады.

Осылайша, Аллаға және Қиямет күніне иман келтірген әрбір ақыл иесі өз жанынан есеп алуды ескермей қоймауы тиіс, өйткені, ақиқатында, өмірдің әрбір сәтінің құндылығы керемет әрі оның орны толмайды және осы құндылық шексіз рахатқа батыратын қазыналардың біріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы сәттерді босқа немесе құр өткізу опат болуға әкеліп соғатын болса, онда бұл ақыл иесі үшін орны толмас шығын болмақ!

Әбу Бәкір (р.а.) халиф болған уақытында Омар ибн Әл-Хаттабты (р.а.) сот етіп тағайындап, мемлекет ішінде туындап отыратын қиындықтар мен мәселелерді қарастырып отыру үшін оның үнемі мешітте болуын өтінген екен.

Бір жылдай уақыт өткен соң, Омар Әбу Бәкірдің (р.а.) алдына келіп былай айтады: «Уа, Әбу Бәкір, бір жыл өтті, бірақ маған ешкім де келмеді. Маған артқан міндетіңнен босатуыңды сұраймын! Иман келтіргендердің арасында менің жұмысымның еш мәні жоқ екендігіне сенімдімін. Өйткені әркім өзінің құқығын біледі әрі одан асып кетпейді, әркім өз міндеттерін біледі әрі оларды бұзбайды. Олардың бәрі өздеріне не тілесе, өзгелерге де соны тілейді. Егер әлдекім келмей қалса, олар оны іздейді, ал егер біреуі ауырып қалса, олар оған барып, оның халін біледі. Біреуі бақытсыздыққа ұшырайтын болса, оған қол ұшын береді, егер әлдекім бірнәрсеге мұқтаж болса, онда олар үнемі оған жәрдемдеседі. Ал біреуінің басына қайғы келсе, олар оны жұбатады. Олардың діні ‒ өсиет, олардың мінезі ‒ жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю! Сонда олардың арасында қайдан дау болмақ?»

Таңғаларлық жайт, сонда бір жыл бойы мұсылмандар арасында соттың көмегін қажет ететін бір мәселе туындамаған!

Адамдар олардың құқығын қорғайтын, келіспеушілікті шешіп беретін әрі бұлтартпау шараларын орнататын сотты қажет етпеген.

Неліктен?

Ал оның себебі мынада - бәрі өз өмірлеріне дін негізінен байыптап қараған және әркімнің өз жан - «соты» болған. Олардың санасы мен жаны Қасиетті Құран мен пайғамбарлық өсиеттермен нұрланған.

Алланың құлы таң намазын оқу үшін ұйқысынан тұрғанда, оның жүрегі жанымен келісіп, оған келесіні айтқаны жөн:

‒ Менің өмірімнен басқа тауарым жоқ, егер ол құрыса, онда менің капиталым да құриды, ал сауда мен одан түсетін пайда туралы ұмытуға болады. Алла Тағала менің өмірімді ұзартты, дәм-тұзымның бітетін уақытын кейінге қалдырды, осылайша мені жарылқады. Егер Алла менің жанымды бүгін алар болса, әрине, Одан бір күнге болса да мені бұл дүниеге қайтар деп тілер едім және осы күнімді игі амалдар жасауға арнаушы едім!

Ендеше, сен өліп, қайтадан қайтарылдың деп сана әрі осы сәтіңді текке өткізуші болма. Асылында, әрбір сәт құнды болып табылады, ендеше жалқаулыққа салынып, тынышталма, әйтпесе басқалар көтерілген Жұмақтың дәрежесіне сен көтеріле алмайсың әрі шарасыз қамығуда боласың, ал егер сен Жұмаққа кірсең, онда жоғалту мен зарардың дәмі төзгісіз болады. Солардың бірі жоғалту мен зарардың не екенін көрсеткісі келіп, былай деген екен: «Жамандық жасаушының қылығы кешірілді дейік, бірақ ол осы уақытта игі амал жасаушының алатын сыйынан құр алақан қалады емес пе?»

Өз уақытын тиімді пайдалану туралы талапты адам өзіне-өзі қоюы керек, содан кейін ол: көз, құлақ, тіл, қарын, жыныс мүшелері, қол және аяқ сынды жеті мүшемен жасалатын күнәлардан тыйылуға қатысты өз жанына талап қоя білуі тиіс.

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деген:

«Жиналатын күні; ол күні, сендерді жинайды. Міне сол, кімнің алданғаны ортаға шығатын күн. Кім Аллаға иман келтіріп, ізгі іс істесе; Алла оның жамандығын жояды да оны астарынан өзендер ағатын пейіштерге кіргізеді. Онда олар мәңгі қалады. Осы зор қол жеткендік» (64:9).

Омардың (р.а.): «Сенен сұрамас бұрын, өзіңнен сұра!», - деген кеңесін есімізге алайық.

Күн соңында әрбір адам күні бойы не жасап, не жасамағаны үшін өз жанынан есеп алып отыруға бір уақыт бөлуі керек. Ол осы дүние істерінде жыл, ай немесе күн соңында жетістікке жеткісі келетін саудагерлер сияқты жасауы тиіс.

Мәңгілік бақыты немесе бақытсыздығы ақыл иесінің өз жанынан есеп талап етуіне тәуелді болса, онда неге талап етпеске? Қиямет күні Алла одан есеп талап ететін болады!

Мәңгілік өмірде жетістікке жеткендердің қатарында болуымыз үшін, Жаратушы осы фәни дүниеде өзімізден есеп талап етуімізге нәсіп етсін!!!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: