Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен футболдан «Бас мүфти кубогі» қайырымдылық турнирі өтті.
Сауапты да салауатты шараның ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, турнирге атсалысқан 12 командаға ризашылығын білдірді.
«Діни басқарманың шақыртуын қабыл алып, осы турнирге қатысып жатқандарыңызға мың алғыс. Жарысқа сәттілік, игі шараға береке тілеймін. Сіздердің салауатты өмір салтын ұстанып әрі қайырымдылық шараға атсалысуларыңыз басқаларға үлгі болмақ» деді Бас мүфти.
Сонымен қатар турнирдің ресми ашылуында Бас мүфти командалардан жиналған қаражатты елордалық әлеуметтік жағдайы төмен 4 отбасыға табыстады.
Ал спорттық шараға келсек, «Сұлтан», «Ұлан», «Орталық» және «Birgemiz» командалары топтық кезеңнен сүрінбей өтіп, жартылай финалда бақ сынасты. ІІІ орын үшін өткен тартысты матчта «Орталық» және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Жастар саясатының намысын қорғаған «Birgemiz» командасы 3:3 есебімен тең аяқтап, ойын соңындағы пенальтиге жүгінді. Турнирдің үздік ойыншысы атанған қақпашы Ескендір Дауылбековтің шеберлігінің нәтижесінде «Орталық» командасы жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Ал финалда республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Сұлтан» командасы әскерилерден құралған «Ұлан» командасын оңай жеңіп, тұңғыш рет өткен «Бас мүфти кубогін» еншіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бас мүфти кубогі» қайырымдылық турнирін жыл сайын өткізу жоспарда бар.