Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен «Бөлім сағаты» жобасы аясында ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің жұмыс есебі тыңдалды. Бөлім меңгерушісі Батыржан Мансұров уағыз-насихат бағыты бойынша және Әйел-қыздар, Жастар ісі секторының 2020 жылы атқарған іс-шараларының есебін Бас мүфтиге баяндап берді.
Уағыз-насихат жұмыстары негізінен күнделікті бесін-ақшам уағыздары, Жұма уағыздары, РАНТ мен ЖАНТ жұмыстары, видео-аудио уағыздар және өңірлердегі уағыз-насихат жұмыстарына бағыт-бағдар беру, қадағалау бағыттары бойынша жүзеге асады. Алайда елдегі пандемия жағдайына байланысты мешіт мінберлерінде айтылатын әсерлі уағыз бен танымдық насихаттар онлайн форматқа ауысты.
«РАНТ мен ЖАНТ мүшелерінің сапарлары жыл басында бекітіліп, жоспарға қойылған еді. Бірақ карантинге байланысты бұл да әзірге тоқтап тұр. Биыл қаңтар-ақпан айларында ғана имам-ұстаздарымыз өңірлерге барып жамағатпен жүздесіп қайтты. Бүгінде қазақ тілінде дәріс жүргізетін 32 РАНТ мүшесі бар және жақында ғана орыс тілді топ құрылып, оған 15 имам мүше болды. Ал ЖАНТ-да 400-ге жуық имам қызмет атқарады» дейді Б.Мансұров.
Наурыз айынан бастап ҚМДБ төрағасының Жұма насихатынан бастап, бөлім басшыларының және өкілдік имамдарының онлайн дәрістері тұрақты түрде өтіп жүр. Әсіресе, ҚМДБ ғалым, мамандарының онлайн-дәрістері және РАНТ-ның 5 мүшесінің Ислам әлемінің әйгілі кітаптарынан жүргізетін дәрістері muftyat.kz сайтына жүктеліп, көпшілік назарына ұсынылып келеді.
Әлеуметтік желі қолданушыларының сұранысына орай 5-7 минуттық видео уағыздар дайындауда оның сапасы, форматы, насихатының мазмұны сынды арнайы талаптар қойылды. Бұдан бөлек, биылдан бастап уағыз-насихат бағыты бойынша «онлайн сұхбат» жобасы жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, әр күні өңір имамдары бір-бірімен немесе ҚМДБ ұстаз-ғалымдары, мамандарымен бекітілген тақырыптар бойынша тікелей эфирде сұхбаттасады. Осылайша онлайн дәрістер мен сұхбаттар өкілдіктердің әлеуметтік желімен жұмыс деңгейін көтеруге септігі тиіп келеді.
«Алдағы уақытта РАНТ, ЖАНТ мүшелерінің тұлғалық келбеті тұғырнамасын бекіту, РАНТ мүшелеріне орталықтандырылған сайт жұмысын іске қосу, уағыз айту бағытында әдістемелік құрал дайындау, Жұма уағызының жаңа үлгісіне сай, имамдарға уағыз кітабын дайындау және дайындалған әдістемелік құралдың дәріс форматында видео нұсқасын әзірлеу жоспарда бар» деді Батыржан Берденұлы.
Бөлімге қарасты Әйел-қыздар секторының да қысқаша есебі тыңдалды. 2016 жылы құрылған сектор күні бүгінге дейін еліміздегі әйел жамағатына уақытын тиімді пайдаланып, елімізге және асыл дінімізге қызмет етуге мүмкіндік беріп отыр. Отбасына да, Отанына да адалдық танытқан әйел жамағаты пандемия кезінде ауыз толтырып айтарлықтай ізгі шараларға ұйытқы бола білді. Мәселен, өкілдіктерге қарасты ұстаздар әйел жамағатымен бірге соңғы екі айда Құранды қашықтан оқып, 1 633 рет хатым етті. Жұқпалы індеттің таралмауын Алладан сұрап, науқастанған жандарға Жаратушыдан шипа тілеп, дұға жасады.
Карантин жағдайында онлайн режимінде күнделікті жүйелі түрде ақида, фиқһ, отбасы ғылымхалы, сахаба әйелдер, отбасындағы бала тәрбиесі, отбасы бақыты және т.б. тақырыптарда 19 401 адамға уағыз айтылды. Сондай-ақ әйел жамағатына арналған бағдарлама ашылып, алғашқы түсірілім жұмыстары жүргізілді.
Өкілдіктерге қарасты әйел ұстаздар қайырымдылық шаралары бойынша азық-түлікпен және қаржылай мұқтаж жандарға көмек ретінде үлестірсе, қасиетті Рамазан айында 716 адамға ауызашар пакеттері таратылды. ҚМДБ-ның «Мектепке жол» акциясы аясында оқу орындары биыл онлайн оқу жүйесіне өткендіктен 10 оқушыға смартфон, 85 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер тарту етілді. Бұдан бөлек 25 200 медициналық бетперде тігіліп, тегін таратылды. Мақтааралдағы су тасқыны кезінде көмекке қаражат жиналса, ҚМДБ «Зекет» қорының «Өмірге үміт сыйла!» акциясына үн қосып, ауруханаға 1 оттегі концентраторы сыйға берілді.
Ал Жастар ісі секторының жетекшісі Әділет Көпен жыл басынан бергі жастардың атқарған бірқатар шараларына, жүзеге асқан жобаларға тоқталып өтті.«Республика бойынша «Иманды жас» атты жастар арасында кішігірім еркін форматта кездесулер өтті. «2020 жыл – еріктілер жылы» аясында облыстардың орталық мешіттерінің жанынан арнайы «Ерікті жамағат» тобы құрылып, ортақ еріктілер базасы жасақталды. Барлық өңірде жастардың қатысуымен спорттық шаралар ұйымдастырылды» дейді Ә.Көпен.
Сектордың бастамасымен ақпан айында әр өңірде кітап оқу клубтары ашылып, жастардың кітап оқуға деген құлшыныстарын арттыру қолға алынғанын айта кетейік. Әр айдың соңында оқылған кітап бойынша тест өтіп, жеңімпаздар анықталды. Мешітке келуші жастарға сахабалар өмірінен дәріс өтсе, Республика бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, «Абай оқулары» ұйымдастырылды.
«Қазіргі уақытта республика бойынша Жастар ісі секторына қарасты 1500-ге жуық ерікті жастарымыз бар. Олар «Саулық» жобасы аясында дертке шалдыққан жандарға, кембағал-мүгедектерге зиярат жасап, азық-түлікпен, маскамен, антисептикпен қамтамасыз етілді. «Үміт» жобасы аясында балалар үйіне қайырымдылық жасалса, «Қамқор» жобасы аясында қартттарымызға көмек көрсетілді. Көше бойында бетпердесіз жүрген адамдарға бір реттік бетперделер тегін таратылды.
Еріктілерді жұмылдыра отырып, мұқтаж жандардың дәрі-дәрмектеріне азын-аулақ қаражат беріліп, жұмыссыз қалған отбасыларға азық-түлігіне қаражат аударылды» деп атап өтті Ә.Көпен.
Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен 14 қарашада «BAS MUFTI KUBOGY» қайырымдылық турнирі өтпек. Сондай-ақ Бөлім сағатында сектордың Бас мүфти жанындағы «Жастар кеңесін» құру, «Исламдағы жастардың тұлғалық бейнесі» құжатын қабылдау, «І Республикалық еріктілер съезін» өткізу және басқа да жоспарлары тыңдалды.
Ал Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиын соңында бөлім меңгерушісі мен сектор жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.