Құлыпты ауыстыруға байланысты салтанатты шараға Алла үйінің қызметшілері қатысты. Олардың арасында Қағбаның кілті қолына табыс етілген шейх Абдул Қадыр аш-Шайби де бар. Бұл жайында «Okaz» газетінің ресми сайты хабар таратты.
Аш-Шайбидің сөзіне қарағанда, жаңа құлып есік сыртындағы құлыпқа ұқсайды. Шейх Қағбаның құлпы 60 жылдан аса уақыт ауыстырылмағанын тілге тиек етті.
Қағбаның құлпын ауыстыру рәсімі жылына екі мәрте өткізілетін қасиетті Алла үйін жуу дәстүрімен тұспа-тұс келді. Қағбаны мухаррам айының 15-інде бір жуса, екінші рет шағбан айының алғашқы күні жуылады. Бұл уақытта әл-Харам мешітінде кісі қарасы аз болатындықтан осы күні жуу дәстүрге айналған.
«Мен кілтті Қағбаның кисуасын дайындайтын зауытта қолдан шыққан арнайы сөмкеде сақтаймын. Кілттің жоғалған кезі болған емес. Тарихтан білетініміздей, ислам халифаты тұсында әлдебір адам Қағбаның кілтін ұрламақ болған екен, алайда, кілт табылып, арты жақсылықпен аяқталған көрінеді»,- деді шейх Абдул Қадыр аш-Шайби.
muslim.kz