Бүгін Тараз қаласында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев және өңірдің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің қатысуымен «Asyldin» студиясы ашылды.
«Һибатулла Тарази» мешіті жанынан ашылған студия арқылы халыққа діни бейнежазбалар, қоғам қайраткерлерімен, дін мамандарымен сұхбаттар ұйымдастырылып, онлайн уағыз-насихат көрерменге жол тартпақ.
Айта кетейік, студияда түсірілім үшін арнайы жасалып, безендірілген бірнеше баннерлер, тіпті әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізуге арналған бөлігі де бар. Ол жаңа техникамен, жарық беру құрылғылармен қамтылған.
Су жаңа студияға өз бағасын берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Бензендірудің өзі мүфтият пен дәстүріміздің сабақтастығын насихаттап тұр. Былтыр Діни басқарма «Рухани 7 қазық» деп аталатын құжатты таныстырды. Сол құжатта тәрбие, өнеге, білім бәрі қамтылған. Ендеше жаңа студия рухани тәрбиенің темірқазығына айналсын» - деп атап өтті.
Жаңа студияны тамашалаған Бас мүфти діннің насихаты жолында талмай еңбек ете беріңдер деп батасын берді.