«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Астана медресесі» жеке мекемесі – еңселі Елордамыздағы отандық діни мамандарды әзірлейтін білім ордасы.
2007 жылдың 1 шілдесінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылған медресе бүгінгі күнге дейін 300-ден астам орта буынды дін мамандарын әзірледі.
Соңғы жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни білім беру саласында бірқатар бастамаларды жүзеге асырып, медреселерді заманауи колледждермен терезесін теңестіріп, орта білімді маман дайындайтын оқу орындарына айналдырып үлгерді. Көштен қалмай, медреселердегі оқу жүйесі де Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестендірілуде.
Оқу орны Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары негізінде «Исламтану» мамандарын дайындауды жүзеге асырады. Оқу орнындағы оқу процесі – күндізгі. Жалпы орта білім негізінде нормативтік оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Астана медресе колледжінің құрылтайшысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.