Алла Елшісі (ﷺ) нағыз байлық бұл дүние байлығында емес, нағыз байлық – жан байлығында деп айтып кеткен. Сабырдан артық жан байлығының жоқ екенін біз білеміз. Сондай-ақ, біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай да айтқан: «Ешбір пендеге сабырдан артық, сабырдан жақсы нәрсе нәсіп етілмеген». Сабыр үшке бөлінеді:
- Алланың бұйырғандарына бойұсынудағы сабырлық;
- Күнәны тастаудағы сабырлық;
- Алланың нәсіп еткен қайғы-қасіретіне сабырлық таныту.
Сонымен, сабыр, сабырлық таныту, сабырлылық, сабырлы болу дегеніміз не? Сабырлы болу дегеніміз:
- Өмір жолында кездесетін қиыншылықтар мен сынақтарға мойынсұну, яғни сынақтарды өмірдің бір әділетсіздігі емес, керісінше, сынақтарға шыңдалу мен дамудың қалыпты бөлігіндей қарау.
- Сынақтардан, кедергілерден өтуде табанды болу.
- Жамандыққа жақсылықпен жауап беру.
- Айтқан сөзінде, уәдесінде тұру.
- Қасірет пен сынақтарда абыройды жоғалтпау.
- Сәттілік пен жетістіктерде қарапайымдылықты сақтау.
- Сезімнен жоғары, жағдайдан мықты әрі нәпсіден артық болу.
- Жер сілкініп, өртеніп жатса да байсалдылықтан айырылмау.
- Қажеттіден тыс күш жұмсамай, тиімді болу.
Кез-келген жамандықтан бір жақсылықтың нышанын таба білу.
asyldin.kz