Қайырым қылсаң қайырын өзің көресің деген дана халқымыз, жетімін жылатпай, жесірін ұзатпай жоқ-жітіктерге қамқор болып, қол ұшын созып, қамқорлық танытқанын ісінен көреміз.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына 30 жыл толуына орай, 30 игі іс-шара аясында, еліміздің барлық мешіт қызметкерлері бір уақытта, бір мезетте «Көшпелі керуен» қайырымдылық акциясын ұйымдастыруда.
Бүгін аталмыш шара Шу аудандық Төле би мешіті және Шу қалалық Жәми мешітінің ұйымдастыруымен, ауданда және қалада тұратын жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі 30 отбасына қап толы азық-түлік, дайындап үлестірілді.
Шараға арнайы Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев қатысып, үй-үйді аралап, амандасып, қал жағдайларын сұрап, сабырлық жайлы сүбелі сөзін айтып, қап толы азықты табыстады.
Үй иелері облыс имамы Бейбіт қажы Әліпбекұлына рахметін айтып, ұйымдастырған мешіт қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Талғат Кәрібайұлы
Шу аудандық Төле би мешітінің баспасөз қызметі