Жамбыл облысының бас имамы Мырзагелдиев Бейбіт Әліпбекұлының облыс тұрғындарына мәлімдемесі

Жамбыл облысының бас имамы Мырзагелдиев Бейбіт Әліпбекұлының облыс тұрғындарына мәлімдемесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрметті облыс тұрғындары! Жерлестер!

Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індетінің салдарынан халқымызға оңай соғып жатқан жоқ. Ресми деректер бойынша елімізде вирус жұқтырғандар саны 86 мыңнан асса, қайтыс болғандар саны 800-ге жуықтады. Алла Тағала қайтыс болған кісілерді алдынан жарылқап, ақыреттік жайын жәннаттан еткей!

Бұл індеттің зардабы мешіттеріміз бен азаматтарымыздың құлшылығына да өз әсерін тигізді. Бүгінде мешіттер карантин талаптарына байланысты жабық болса, онда діни рәсімдер өткізілмейді.

Коронавирус індеті бұрынғы салт-сананы түбегейлі өзгертті. Биылғы жылы алғаш рет карантинге байланысты мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмайды. Шыны керек, бұған дейін құрбандық шалуға шектеу қойылады деп ешкім ойламаған. Карантиндік шектеулерге орай, құрбандық қашықтан онлайн шалынады. Алайда, бұл құрбандықтың сауабы кемиді деген сөз емес. Себебі, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құрбандарымыздың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ, біздің ықыласымыз бен ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері  де, қандары да Алла Талғалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықатрың ғана жетеді» -деп «саффат» сүресінің 37-аятында айтылған. Яғни, қазіргі карантиндік тәртіпті сақтай отырып онлайн сойылған құрбанның сауабы кемімейтінін түсінуге болады.

Онлайн құрбан шалу тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты бірқатар бауырлас мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан бері бар және жыл сайын жасалатынын ескере отырып, карантин жағдайында осындай жаңашылдықты елімізде қолға алу туралы шешімі халқымыздың қауіпсіздігі үшін жасалған игі шара.

Карантиндік шектеулерге орай 31 шілде мен 2 тамыз күндері облыс орталығы – Тараз қаласында 2 арнайы мал сою орыны: Исатай көшесі №1 мен Волков көшесі №2Б мекенжайларындағы мал сою орындары құрбан шалуға ниеттілер үшін жұмыс жасайды. Бірақ, оған барлығын бірдей кіргізбейді. Ол жерде тек онлайн-тапсырыстар ғана орындалады. Онлайн тапсырыс Qurban2020.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Құқық қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қызмет өкілдері карантин талаптарын бақылайды. Имамдар мен қасапшылар құрбандық шалады. Ал, еріктілер құрбандық етін таратып, тапсырыс берген адамдарға фото-есеп жіберетін болады. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде осы кезге дейін үйреніп қалған малды таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайды. Бұл жерде айта кетерлігі имамдарымыз делдалдық қызмет жасамайды, екі ортада жүріп пайда табумен айналысады деген ойдан аулақ болу қажет. Себебі, имамдардың міндеті – құрбандық шалу рәсімін ұйымдастыру және құрбандық мал етін үлестіру болып табылады.

Бұл жұмыстар облысымыздағы аудан орталықтарында да жергілікті әкімдіктердің көмегімен белгіленген арнайы мал сою алаңдарында жүзеге асырылатын болады.

Дегенмен, елімізде онлайн құрбан шалу тәжірибесі алғаш рет өтіп отырғандықтан, халық дұрыс түсінбей жатыр. Qurban2020.kz сайты арқылы өңірде құрбан етіне мұқтаж ретінде 850-ден аса адам тіркелсе, құрбан шалуға тапсырыс берген саны – 33, оның 19-ы тоқтыға, 12-і қойға, 1-і ешкіге, 1-і ірі қара малына. Осы сәтте, облыстағы қалталы кәсіпкер азаматтар мен жағдайы бар жандарды Алла Тағаланың парыз еткен амалын орындап, сол арқылы мұқтаж адамдардың рақыметін алуға шақырамын.

«Бірінші байлық денсаулық» - деген аталы сөзді тілге тиек ете отырып, облыс тұрғындарын сабыр сақтауға және қазіргі онлайн режимдегі құрбан шалу тәртібіне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Мұның барлығы Сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан қадамдар қатарына кіреді.

Алла қаласа, келесі жылы Құрбан айт мерекесін жылдағы дәстүрмен атап өтерміз. Алла Тағала, әлемді жайлаған коронавирус дертінің бетін қайтарып, қалыпты тіршілігімізге қайта оралуды нәсіп етсін!

Баршаңызға Алланың бейбітшілігі мен сәлемі болсын! Құрбан айт қабыл болсын!

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: