Орыс ұлтынан шыққан түріктің атақты актрисасы Татьяна Цвикевич Ислам дінін қабылдады. Бұл туралы ол түріктің «Досыма» телебағдарламасының тікелей эфирінде жариялады. Актриса осы бағдарламаның тележүргізушісі Нихат Хатипоглуға осы діни бағдарламаны үзбей көріп тұратынын айтып, өз алғысын білдірді.
Татьяна Цвикевич Исламды қабылдағанға дейін де ораза ұстап жүретінін де жасырып қалмады. Кәлима шахадат (Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.а.у.) Алланың құлы әрі Елшісі екеніне куәлік етемін) сөзін айтқаннан кейін, бірден дәрет алуды үйренуге кірісіпті.
«Қазір мен намаз оқуды үйреніп, ораза ұстап жүрмін. Мен түгелдей өзгердім және өмірге деген көзқарасым да толығымен өзгерді. Тіпті, менің достарым да менің бойымда өзгерістердің пайда болғанын айтты. Кейбір құрбыларым маған: «Сен бізден асқан мұсылман болдың ғой» деп әзілдеп те жатады, - дейді Татьяна.
«Менің ойымша, мен бұрынырақ та мұсылман болғанымды ұмытып, қайта есіме түсіргендей күй кешудемін», - дейді Исламды жаңа қабылданған Татьяна.