Дүние жүзіндегі ең кішкентай тәспі Түркияда жасалды. Юсуф Гүней есімді шебер бұл туындысымен Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін. Тәспінің салмағы 200 миллиграмм тартады екен. Бұл туралы baq.kz ақпараттық порталы хабарлады.
Тәспінің ислам мәдениетінде орны бөлек. Ол мұсылманға ортақ бір бұйым. Ал осы тәспінің ерекше бір түрін Анкарада тұратын Юсуф Гүней атты шебер жасап шығарды. Бұл дүние жүзіндегі көлемі жағынан ең кішкентай тәспі саналады. Юсуф бұл тәспіні не бәры бір аптаның ішінде жасап шығарды. Оның салмағы 0,2 грамм. Бағасы 700 доллар шамасында. Әлемдегі ең кішкентай тәспіні сатып алуға ниет білдіргендер жетіп артылады. Бірақ ұста бұл бұйымын әзірге ешкімге сатқысы келмейді. «Осы уақыта дейін тәспі жасайтын шеберлер тек ең үлкенін жасауға тырысады. Бір күні маған неге осының ең кішкентай түрін жасамасқа деген ой келді. Сөйтіп қылқан жапырақты ағаштардың шайырларынан түзілген зат яғни, кәріптаспен әзірледім. Кішкентай тастарды 0,5 милиметрлік бұрғымен тестім», - дейді шебер Юсуф Гүней.
Бұл туындысы арқылы Юсуф өз атын Гиннестің рекордтар кітабына енгізгісі келеді. Өтінішін жіберіп, қазір жауап күтуде. Шебер енді бұл бұйымынан 5 есе кіші тағы бір тәспі жасауды жоспарлап отыр. «Ендігі жоспарымды осы жылдың аяғына дейін жүзеге асырсам деген ойым бар. Оның жұмысы әрине бұдан ауыр болады. Шамамен бір айдай үзбей тер төгу керек», - дейді ол.
Шебер тек тәспі сатады. Шағын дүкеніндегі бұйымдардың бағасы 12 доллардан бастап 7000 долларға дейін барады. Оның туындыларына тіпті ел Президенті, Премьер-министрі және өзге де лауазымды тұлғалар қызығушылық танытып отыр.