Парижде "Halal Expo 2013» деп аталатын халал өнімдерінің оныншы көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл шараға халал өнімдерін дайындайтын кәсіпорындардың 80-нен аса өкілі қатысты. Ұйымдастырушылардың шамалауынша, көрмені 7 мыңнан аса адам тамашалайды. Олардың 15 пайызын шетелдік меймандар құрауы мүмкін. Бұл жайында «Умма-информ» ақпарат агенттігі хабар таратты. Аталмыш көрмеде былайғы жұрт Еуропа нарығындағы халал өнімдерінің соңғы түрлерімен танысады. Әдеттегіше жұрт назарына ұсынылатын өнімдердің 91 пайызын аграрлық сектордың өнімдері құрайтын болады. Еуропа халал нарығы үшін жаңалық болып табылатын косметикалық өнімдер де көрмеге қойылады. Бүгінгі таңда Францияда халал өнімдерін тұтынатындардың қатары 7 млн адамды құрайды. Бұл көрсеткіш француздық органикалық тағам өнімдерінің арасындағы әйгілі нарыққа қарағанда 4 есе көп.
«Франциядағы халал өнімдерінің нарығы даму қарқыны жағынан Ұлыбритания мен Германияға қарағанда әлдеқайда алда. Көрнекті француз маркетологтарының айтуынша, бүгінгі таңда Франциядағы халал өнімдерінің нарығындағы тауарлар айналымы 5,5 млн еуроға бағаланып отыр. Ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 9 пайызға өсті», - деп айтылған «Halal Expo 2013» ұйымдастырушыларының ресми сайтында.Бұған қоса, көрмеге мұрындық болып жүргендер, міне, бірнеше жылдың жүзі болды, қатысушылардың қолындағы сертификаттың дұрыстығын анықтауға мүмкіндік беретін ашық саясат ұстанып келеді. Соңғы жылдары Еуропада азық-түлікке қатысты дау-дамай жиі қылаң беріп жүргендіктен ұйымдастырушылардың бұл қадамы құптарлық екенін айта кету керек. Х халал өнімдерінің көрмесі Париждегі «Porte de Versailles» деп аталатын әйгілі экспо-орталықта екі күнге созылады.
muslim.kz