(3) بِسْمِ اللَّهِ الَّذِي لَا يَضُرُّ مَعَ اسْمِهِ شَيْءٌ فِي الْأَرْضِ وَلَا فِي السَّمَاءِ وَهُوَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ
Оқылуы: Бисмилләһилләзи лә ядурру ма‘асмиһи шәй’ун фил-ардый уә лә фис-сәмәә’й уә һуәссәмии‘уль ‘алиим. (3 рет)
Мағынасы: Есімі аталғанда жердегі және көктегі ешбір нәрсе зиянын тигізе алмайтын Алланың атымен! Ол – бәрін Естуші һәм бәрін Білуші!
Әділдіктің рәмізі болған төрт халифаның бірі Османнан (р.а.) жеткен бұл дұға жайлы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Кімде-кім бұл дұғаны күн сайын таңертең және кешке үш мәрте оқитын болса, оған еш нәрсе зиянын тигізе алмайды”, − деген. Бұл дұғаға қатысты Әбу Дәудтің хадис жинағында келтірілген басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Ешбір жамандыққа ұшырамайды”, − деген.
Сонымен қатар, дереккөздерде бұл хадисшәріп жөнінде мынандай оқиға баяндалған: Бірде осы хадисті жеткізгендердің бірі Әбан ибн Османның (р.а.) денесінің бүкіл бір қапталы сал тартып қалады. Қал-жағдайын сұрай келген жолдастарының бірі бұған таңырқағанда, Әбан оған: «Маған сонша таңырқай қарағаның не? Жеткізген хадисім қоспасыз шындық. Өтірік айтпағаныма Құдай куә. Ал мен тап болған мына жағдайға келсек, бүгін ол дұғаны оқуды ұмытып кетіппін. Демек, тағдырдың жазуы осылай болған», − деген екен.
Осы оқиғадан туса керек, мұсылмандар арасында аталмыш дұғаның сал ауыруынан қорғайды деген наным кең тараған. Әйтсе де, бұл дұғаның мағынасы анағұрлым ауқымды болғандықтан, оны тек сал ауыруына қарсы оқылады екен деп түсінбеген жөн.
Жалпы сал ауруы немесе өзге де сырқат түрлері белгілі бір себептен кез-келген адамның басына келуі әбден мүмкін. Мәселен, жүрегі ауыратын адамның қан тамырларында пайда болған ақау әлгі адамның ми қызметінің бір бөлігін істен шығарды делік. Осының нәтижесінде дененің бір қапталы сал болып қалады. Дұғада айтылған «филардый» (жердегі) сөзі осыны меңзесе керек. Мұндай жағдай бола қалғанда себеп-салдар заңдылығын басшылыққа алып, міндетті түрде аурудың шығу себептерін медициналық тұрғыдан анықтап, емделу қажет. Бұлай жасамаған адам себеп-салдар заңдылығына немқұрайлы қарап, үлкен қателікке ұрынады. Сонымен қатар, адамға жабысатын аурулардың кейбірі ешбір себепсіз, тікелей жазмыштан келуі мүмкін. Дұғада айтылған «фис-сәмәәй» (көктегі) сөзі осыны меңзесе керек. Мұндайда адам себепсізден себепсіз, кенеттен сал болып қалып жатады. Екі жағдайда да адамға бір Аллаға сиыну керек. Өйткені, себепті де, салдарды да жарататын – бір Алла. Осы тұрғыдан аурудың себебін медициналық тұрғыдан анықтап, емделген күннің өзінде, шипаны тек Алладан тілеу ең дұрысы.
Сахих Бұхари, да’ауат 3310; Сунәну Ибни Мәжа, ду’а 3809
” ‘ ” – тамақтан шығатын (ع ) айн әрпінің белгісі
” ‘ ” – демнің аз ғана кідіруі арқылы шығатын сукун (َْْ ) белгісі
muslim.kz