Ойласаң сұрағын қабірдің – білесің өмірдің қадірін! (жалғасы бар)

Ойласаң сұрағын қабірдің – білесің өмірдің қадірін! (жалғасы бар)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді Раббымыз Алла Тағала Құран Кәрімде:«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады», - деп айтқан. Бұл аятта Жаратушы Иеміз адам баласының мына жалған дүниеде мәңгі қалмайтынын айтып тұр. Әрбір адамның тағдырына жазылған белгілі ғұмыры біткеннен кейін, топырақтан шыққан тән топыраққа қайта тапсырылады. Бұл хақ. Адам баласы мейлі су астында, мейлі ғарышта, мейлі денесін жағып күлге айналдырып жіберсін, сонда да міндетті түрде қабір әлеміне, қабірдегі өмірге соқпай өте алмайды.

Қасиетті Құран Кәрімде Нұх ﴾ғ.с.﴿ пайғамбардың қауымы жайлы «Суға батырылады да, отқа салынады», - деген аяттағы араб тілінің «фә» жалғауы істің бірден болғандығын білдіреді. Демек Нұхқа ﴾ғ.с.﴿ иман келтірмеген қауымның суға батып өлгеннен кейін бірден отқа салынғандығы айтылып тұр. Ондай болса, ол от Қияметтегі азап емес, керісінше қабірдегі азаптың ақиқаттығының дәлелі. Бұл өмірде әрбір адамзаттың сағаттары мен минуттары санаулы. Сол санаулы сәттер біткеннен кейін пенденің тәні жанынан ажырайды. Ғалымдар бұл өткінші өмірді мәңгілік өмірмен былай салыстырады. Алла Тағала адамзатқа ұйықтағанда нәсіп болатын жасырын бір өмір тәріздес түс деген нығметті берген. Кейбіреулер ояна салып: "түнімен түс көріп шықтым", - деп жатады. Алайда адам ешқашан түнімен түс көрмейді екен. Қысқа болса, мейлі қаншалықты ұзақ болсын адам кез-келген түсті сегіз-ақ секунд көреді. Ғалымдардың айтуы бойынша бұл өмір сол сегіз секундтық түс болса, ал мәңгілік өмір бір адамның осы дүниеде жасаған 80 жылдық өмірі сияқты дейді. Сонда адам баласы бұл өмірде 80 жыл өмір сүрсе де мәңгілік өмірмен салыстырғанда сегіз секундтық өмірмен тең көрінеді. Адамның ақырет үшін жинаған жемісі ең бірінші қабірде беріледі. Бұл өмірді Аллаға шын берілумен, тақуалықпен, құлшылық ғибадатпен өткізсе ол адамның қабірі Жәннаттың бір бағына айналады, ал егер адам өмірін дінсіз, Алласыз өткізсе оның қабірі Жәһәннамның бір шұңқырына айналары сөзсіз. Алла Елшісі (ﷺ) бір сөзінде: «Қабір Жәннат бақтарынан бір бақ немесе Тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр», - деген болатын. Пенденің уақыты-демі біте салысымен екі періште оның жанын көкке көтеріп әкетеді. Әбу Һұрайра ﴾р.а.﴿ Пайғамбарымыздың (ﷺ) «Мүміннің рухы шықса, оны екі періште алып көкке көтеріледі», - дегенін риуаят еткен. Адамдардың істеген істеріне орай, жанның тәннен ажырауы мен көтерілуі екі түрлі көріністе жүзеге асады.

Салиқалы пенденің рухының көкке көтерілуін Пайғамбарымыз (ﷺ)  сахабаларына бүге-шігесіне дейін сипаттап: «Егер мүміннің рухы тәнін тастап шықса, оған көк пен жердің арасындағы барлық періште және көктегі әрбір періште игілік тілейді. Ол үшін аспан есіктері ашылып, оған әр есіктің тұрғындары дұға етеді. Егер оны ажал періштесі алса, оны қас қағым сәтке де басқа періштелер алғанша қолынан түсірмейді. Олар оны Жәннаттан әкелген кебінге орап, Жәннаттан әкелген жұпармен хош иістендіреді. Алла Тағаланың: «Елшілеріміз (періштелеріміз) жанын алады әрі ешқандай кемістік жасамайды»,  - деген сөзінің мәнісі осы. Және одан (рухтан) жер бетінде теңдесі болмаған жұпардың хош иісіндей жағымды иіс шығады. Сосын оны алып, жоғары шығады. Қашан олар періштелер тобының қасынан өтсе, олар (періштелер): «Бұл кім деген жақсы рух?» - деп сұрайды. Алып бара жатқан періштелер: «Бұл пәленше ұлы пәленше!» - деп, оны дүниедегі ең көркем есімдерімен таныстырады. Сөйтіп, олар төменгі көктің соңына жетеді. Содан соң көк күзетшілерінен кіруге рұқсат сұрайды да, ол үшін көк ашылады. Оны әрбір көктің періштелер келесі көкке дейін шығарып салады. Сөйтіп, ол жетінші көкке жетеді. Сонда Алла Тағала: «Пендемнің кітабын ең жоғары дәрежелердің қатарында жазыңдар деді», - деп айтқан.

Мұнан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла Тағаланың: «Ең жоғары дәреженің не екенін қайдан білесің? Ол – жазулы бір кітап. Оны Аллаға жақын періштелер бақылайды», - деген сөздерін оқыды. Пайғамбарымыз (ﷺ) сөзін жалғастырып: «Сөйтіп, оның кітабы ең жоғары дәрежелердің қатарында жазылады. Сосын Алла Тағала періштелерге: «Оны жерге қайтарыңдар! Расында, мен оларды содан жараттым және оған қайтарамын. Сосын одан қайта шығарамын», - дейді», - де. Осы оқиғадан кейін қабірдегі «Барзақ» өмірі басталып кетеді.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: