Жұмақтық адам

Жұмақтық адам

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) келтірген: «Бір күні Пайғамбарымыздың (ﷺ) құзырында отырған болатынбыз. Кенет ардақты Елші (ﷺ): «Қазір араларыңызға жұмақтық бір кісі келеді», – деді. Сол-ақ екен әнсардан бір адам ішке енді. Әлгі кісінің сақалынан су тамшылап тұр. Аяқкиімін сол қолына ұстапты. Келесі күні Алла Елшісі (ﷺ) осы сөзін тағы да қайталады. Әлгі кісі дәл кешегі кейіпте тағы да арамызға келіп қосылды. Үшінші күні де айтып ауыз жиғанша, сол кісінің төбесі көрінді. Үшінші күні мешіттегі жамағат тарағанда, сахаба Абдулла ибн Амр ибн Ас (р.а.) әлгі кісіге жолығып: «Мен әкеммен жанжалдасып қалып, үш күн бойы жанына бармайтындығыма ант еттім. Сол себепті мені үш күн үйіңде қонақ ете аласың ба?» – деді.

Әлгі кісі мақұлдаған кейіп танытты. Абдулла осыдан кейінгі жайтты былай деп баяндаған: «Әлгі кісінің үйінде үш күн түнедім. Түнгі уақыттарда бір рет те болсын тәхәжжуд намазына тұрған жоқ. Таң намазына дейін ұйықтайтын. Тек төсегінде ары-бері аунағанда ғана Алланы еске алып, тәкбір айтып қоятын. Бірақ аузынан жаман сөз шыққанын естімедім. Үш түн біткесін: «Әкеммен арамда қандай да бір реніш жоқ болатын, Алла Елшісі (ﷺ) мәжілісте үш күн бойы «қазір жұмақтық бір кісіні көресіздер» деген сайын арамызға сен келіп қосылдың. Мен саған әдейі қонақ болып, жасаған амалдарыңды көріп, сол амалдарды жасағым келген еді. Шынын айтсам, соншалықты көп ғибадат жасағаныңды байқамадым. Алла Елшісі (ﷺ) сүйіншілеген бұл мәртебеге қалай жеттің?» – деп сұрадым.

Ол болса: «Өзің көргеннен басқа құлшылығым жоқ», – деп жауап қатты. Сөйтіп қоштасып бұрылып кете бергенде сәл кідірді де: «Расын айтсам, көргендеріңнен артық асып бара жатқан ешқандай ғибадатым жоқ. Дегенмен, жүрегімде ешбір мұсылманды көре алмау ниетім болған емес. Өмір бойы ешкімге кек сақтамадым, қызғанбадым да», – деді. Мен сонда ғана істің мәнін аңғарып: «Сірә, сені әлгіндей мәртебеге жеткізген осы қасиетің болар», – дедім».

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: