«Исламды Хаттабұлы Омармен қуатты ете гөр!»

«Исламды Хаттабұлы Омармен қуатты ете гөр!»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Омар (р.а.) жиырма алты жасында мұсылман болды. Жалшысы Әслам былай дейді: «Омар (р.а.) бізден «Менің қалай мұсылман болғанымды білгілерің келе ме?» деп сұрады. Біз «Иә» деген соң ол әңгімесін былай бастады: «Мен Алла Елшісінің (ﷺ) өліспей беріспейтін, ымырасыз жауының бірі едім. Бір күні Құрайыштың беделді адамдарымен бірге отырғанда Әбу Жәхл «Ей, құрайыш қауымы! Мұхаммед тәңірлеріңе тіл тигізді, біздің ақылымыздың кем екендігін, ата-бабаларымыздың Тозақта екенін айтты. Кімде-кім Мұхаммедті өлтірсе, оған 100 түйе мен ақша беремін» деді. Дереу қылышым мен садағымды асынып, оны өлтіруге жолға шықтым».

Ол жолда мұсылман болған, бірақ мұсылмандығын жасырып жүрген туысы Нуайм ибн Абдуллаға кезігеді. Ол Омардан «Қайда барасың?» деп сұрайды. Омар «Құрайыштың бірлігі мен ынтымағын бұзған, бізді жетесізге балап, дінімізді қорлап, тәңірлерімізге тіл тигізген адамды өлтіруге бара жатырмын» дейді.

Сонда Нуайм: «Омар! Сен мынаны біл. Сен тек өз-өзіңді алдап жүрсің. Сен Мұхаммедті өлтірсең, Адый ибн Қаабұлдары (Пайғамбарымыздың (ﷺ) тегі) сені жер бастырып қояды деп ойлайсың ба? Саған мынаны айтайын. Өз отбасың мен күйеу балаңның отбасы мұсылман болып, сені және сенің сеніміңді тәрк етті» дейді. Омар кілт тоқтап: «Олар кімдер?» деп сұрайды. «Күйеу балаң, немере інің Саид ибн Омар және қарындасың Фатима бинт әл-Хаттаб» дейді. Нуайм Омардың Пайғамбарымызға (ﷺ) зияны тиіп кетпесін деп, алған бетінен қайтару үшін осылай істеуіне тура келді.  

Омар мұны ести сала салып-ұрып қарындасының үйіне тартады. Сахаба Хаббаб ибн Әрат бұл кезде Омардың қарындасына «Таха» сүресін үйретіп жатқан болатын. Омар есікті қаққанда қарындасы ағасының мына жүрісінен секем алып, дереу Құранның бетін жасырады. Ал, Хаббаб үйдің бір қалтарысына тығылады. Омар үйге жақындаған кезде Хаббабтың оларға бірдемені дауыстап оқып жатқанын естіп қалған болатын. Үйге кірген бетте «Жаңағы мен естіген түсініксіз сөздер не?» деп сұрайды. Олар тек өзара сөйлесіп отырғанын айтады. Алайда, Омар олардың бұл сөзіне сенбейді. «Естуімше, Мұхаммедтің дініне кіріпсіңдер» деп күйеу баласы Саидқа ұмтылады. Араға түспек болған қарындасын шынтағымен қағып, қалпақтай ұшырады. Сол кезде қарындасы мен күйеу баласы «Иә, мұсылман болдық. Алла мен Пайғамбарымызға (ﷺ) сендік. Ал, енді не істейсің?» деп шындықты жайып салады. Омар қарындасының мана соққыдан алған жарасынан аққан қанды көріп, істеген ісіне өкініп, кері шегінеді. Қарындасына «Жаңағы оқыған нәрселеріңді әкел. Мұхаммедтің не дегенін көрейін» дейді. Омар оқып та жаза білетін.

Қарындасы «Сен оған зиян келтіре ме деп қорқамыз» дейді. Омар оны оқып болған соң қайтаратынына уәде береді. Қарындасы оның ықыласын байқап: «Ағатайым! Ол көктен түскен киелі сөз. Оны дәретсіз ұстауға болмайды» дейді. Сонда Омар бой дәретін алып, Құран парақтарын оқуға кіріседі. «Таха» сүресін оқымай жатып: «Расында ғажап сөздер екен» дейді айран-асыр қылып. Омардың жұмсарғанын көрген Хаббаб та жасырынған жерінен шығып, «Ей, Омар, маған сен, Алла Елшісінің (ﷺ) дұғасының қабыл болатынына үміт артамын. Өйткені, кеше Пайғамбарымыздың (ﷺ) «Уа, Раббым! Исламды Хаттабұлы Омармен немесе Әбул Хакам ибн Хишаммен қадірлі ете гөр» деп Аллаға дұға еткенін естіген едім. О, Алла, бұл не деген ғажап нәрсе» деп ол да таң-тамаша қалады. Басқа бір риуаятта Хаббаб жоғарыдағы сөзді айтқанда Омар өзін Пайғамбарымызға (ﷺ) ертіп  апаруын сұрап, мұсылмандықты қабылдайтындығына уәде береді.

Пайғамбарымыз (ﷺ) бір топ сахабаларымен бірге Сафа тауына жақын бір үйде отырған болатын. Омар ешқайда бұрылмастан пайғамбарға (ﷺ) барады. Оның қару асынып кіріп келгенін көрген сахабалар үрейленеді. Сол жерде отырған Хамза «Кіргізіңдер. Егер жақсы ниетпен келсе, қалағанын берерміз, жаман ниетпен келсе өз қылышымен өзінің кәлласы кетер» дейді. Алла Елшісі (ﷺ): «Есікті ашыңдар. Егер Алла Тағала Омарға жақсылықты бұйыртса, оны тура жолға салады» дейді. Екі сахаба Омардың қолынан ұстап ішке кіргізеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) «Босатыңдар оны» деп, Омардың шапанынан ұстап өзіне қарай тартып «Ей, Омар! Неге келдің? Алланың сені масқаралайтын аяттарды түсіргенін көрмейін» дейді. Омар «Уа, Алла Елшісі! Иман келтіріп, шәһадат айтуға келдім. Алладан басқа тәңір жоқ екеніне куәлік етемін және Мұхаммед Алланың құлы және елшісі екеніне куәлік етемін» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Аллаһу Әкбар» деп тәкбір айтады. Омардың мұсылман болғанына қуанған сахабалардың барлығы жаппай тәкбір айтады. Олардың тәкбір айтқан дауысы сонау Мекке көшелеріне дейін естілген екен.

asyldin.kz    

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: