Кеше, 16 қыркүйек Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің Кеңесшісі Балтабай Мекежанов, ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиевтің қатысуымен Мысыр Араб Республикасы Кайр қаласында оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өтті. Кездесу барысында Елші Арман Исағалиев пен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің Кеңесшісі Балтабай Мекежанов қазақстандық студенттерге оқуда озат болуға шақырып, білім жолындағы ізденістеріне сәттілік тіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың тапсырмасымен Түркия елінен бастау алып, құрылған «Талаба» қауымдастығы Мысыр Араб Республикасында да жалғасын тапты. Бұл қауымдастық шетелдік оқу орындарында діни бағытта оқитын қазақстандық студенттермен жүйелі жұмыс жүргізетін, бірлескен игі жобаларды жүзеге асырады. Кездесуде Бейбіт Мырзагелдиев студенттерге «Талаба» қауымдастығының ережесін таныстырды. Мысыр Араб Республикасындағы «Талаба» қауымдастығының жетекшісі болып студенттердің бірауызды қолдауымен Ақниет Тимурбаев тағайындалды. Кездесуден кейін студенттерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан дастархан жайылды.