Өсімқорлықтың салдары…

Өсімқорлықтың салдары…

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні өсімқорлыққа тыйым салады. Сенімді хадистерде өсім үлкен күнәлардың қатарында келтірілген. Ал өсіммен айналысатындар немесе оларға көмектесетіндер Алла Елшісінің (ﷺ) айтуынша, ауыр жазаға тартылады.

Жабир (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісі (ﷺ) өсімқорға, одан қарыз алатынға, жазып отыратын адамға және олардың мәмілесіне куә болған екі куәгерге лағынет айтып, былай дейтін: Олар бір-бірінен еш ерекшеленбейді» (Ахмад, Мүслим).

Ибн Масғуд (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Кімде-кім өсімқорлықтың арқасында күн көрсе, өсімқордан ақша алса, кім жазып отырса әрі осыны біле тұра кім осы мәміленің куәгері болса; денені әшекейлеумен айналысса, денесін әшекейлетсе; зекет төлеуден бас тартса; хижрадан кейін бәдеуилерге қосылып діннен безсе, Қиямет күні Мұхаммедтің лағынетінде болады» (ән-Насаи, Ибн Хиббан).

Өсімқорлық Алланың қаһары мен жазасына әкеліп соғады. Ибн Аббас (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Егер әлдебір елді мекенде зина мен өсімқорлық етек жайса, онда олар өз-өздерін Алланың жазасына ұшыратқандары!» (әл-Хаким, ат-Табарани).

Бұл күнәнің ауырлығы сондай, ең аз деген өсімнің өзі анасымен зина жасағанға тең. Бұл жөнінде Абдулла ибн Саләм (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын  келтірген: «Ақиқатында, өсімқорлықтан болатын күнә жетпіс екі түрге бөлінеді, соның ең азы – мұсылманның анасымен зина жасағанына тең» (ат-Табарани).

Өсімқорлық келешек өмірдегі жазадан бөлек өсімқорлардың өзін қарыздарға батырады, берекеттің жоқтығынан кедейлікке, қорлықа ұшыратады. Осы күнәнің қоғамға, өсімқорлардың өзіне келтіретін зиянын ескерсек, бұл күнәні жасайтындарды қандай қатал жазаның күтіп тұрғанын түсінуге болады. Аз пайыз немесе басқа да шарттары одан келетін зиянды кемітпейді. Бұл зияннан сақтануды тек қана иман келтірген мұсылмандар ғана айтып қоймаған.

Сондай-ақ, өсімнің негізінде жатқан әділетсіздік туралы капитализм дәуірінің басында ағылшын дін маманы Ричард  Прайс та жазған болатын. Ол былай айтқан, егер біздің дәуіріміздің бірінші жылында бір пенниді үлкен пайызға салар болсақ, онда капиталистік дәуірдің басында ол Жер шары көлемінен бірнеше мәрте асып түсетін алтыннан болатын зілді шар бағасына тең келер еді. Міне, оның айтқан сөздері: «Егер әлдекім Ғиса пайғамбар (ғ.с.) туған жылы бір пенниді жылдық 4 % салса, онда 1750 жылы сол пайыздан түскен қаражатқа ол Жер шарының салмағындай болатын алтын шар сатып алушы еді. Ал 1990 жылы ол 8 190 осындай шардың баламасына ие болар еді».

Нобель сыйлығының иегері, француз экономисті Морис Алле 1988 жылы былай жазған: «Пайызға салынған капитал дәрежесі жағынан өседі. Тіпті жылдық пайыздық мөлшерлеме төмен болғанның өзінде, пайыздың үздіксіз өсуінің арқасында салынған капитал өте үлкен мөлшерге жетеді».

1953 жылы Дамаскіде дәріс оқыған профессор Шахит былай айтқан болатын: «Математикалық есептеулердің көмегімен жердегі барлық мүліктің өсімқорлардың аз санына тиетінін байқай аламыз».

Хостен былай жазған: «Үлкен пайыз – ауыр күнә. Сол себепті өз шектеулері бар экономикалық әлемде бостандық шексіздікке айналады. Өсім деңгейі үлкен әділетіздікке әкеліп соғады, қарыздың өсіп кететіні соншалықты, оны төлеу мүмкін болмай қалады. Мұны тек дін ғана айтып қоймайды, сонымен қатар, барлық байлықты санаулы адам қолына алуға тырысқан, ал қарыздары үшін құлдыққа алатын мыңдаған жылдардың қайғылы тәжірибе нәтижесі де осыны айтады.

Бұл жөнінде барлық көне дана кітаптар, соның ішінде, Қасиетті Құран, сондай-ақ, көне грек философтары да айтқан. Адам өнімділігі өспесе, қоғам өнімділігі де өспейтін әлемде ақша үнемі көбейіп тұрмауы керек. Пайыз мөлшері қандай болмасын, бұл экономиканың құлдырауы мен байлықтың санаулы адамның қолына көшуіне әкеліп соғады».

Өсім дамуды тежейді, әділетсіздіктің, теңсіздіктің негізі болып табылады. Бұл өсімқорлардың өмірін қиындататын салдарға әкеліп соқпай қоймайды, бірақ оларды Қиямет күні бұдан да ауыр жаза күтеді, бұл жөнінде Алла Тағала адамдарды Қасиетті Құранда былай ескерткен:

«Сондай өciм жегендер, (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: “Сауда да бейне өciм” дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өciмді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса өткені өтіп кетті. Оның ici Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, мінe солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады. Алла өсімді жояды да сауданы арттырады. Әpi Алла барлық қарсы келуші күнәһарды жақсы көрмейді» (2:275-276)

Осы күнә туралы ойлаудың өзін доғаруға, жоғарыда келтірген ескертулер жеткілікті емес пе?!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: