Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген сөз. Ал діни терминдегі мағынасы – «ғибадат мақсатымен белгілі бір уақыттарда жануарды шарттарға сай бауыздау» дегенге саяды.
Дінімізде құрбандық шалудың үкіміне байланысты қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде аса маңызды анықтамалар орын алған. Жағдайы бар адамға Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында уәжіп. Оған аят-хадистерден мынадай дәлелдер бар: Алла тағаланың Құран Кәрімде:«Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді («Кәусар» сүресі, 2-аят).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнің (ғ.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.
- Құрбан – жеке бас пен қоғам тұрғысынан көптеген пайдалары барқұлшылық;
- Құрбан – берген сансыз нығметтері үшін Аллаға шүкіршілік етіп, күнәларының кешірілуін тілеу;
- Құрбан – шын тақуалық. Аллаға жететіні тек құрбандық шалған адамның ниеті, ықыласы мен тақуалығы ғана;
- Құрбан – қоғамда бауырмалдық, бір-біріне жәрдемдесу және өзара қолұшын берудің, рухани тұтастықты күшейтудің жолы;
- Құрбан шалу – мұсылмандыққа тән, адамгершілік пен қоғамдықжомарттықтыңүлгісі болып табылады.
Құрбандықтты кімдер шала аладаы?
1. Мұсылман болуы тиіс. Егер біреу құрбан айттың үшінші күні мұсылмандықты қабылдап, құрбан шалуға жағдайы келсе, оған құрбан шалу міндет болады.
2. Тұрғын болуы керек. Жолаушыға құрбан шалу міндет емес. Али (р.а.): «Жолаушыға жұма намазы мен құрбан шалу міндетті емес», - деген. Алайда жолаушының жеке өзі немесе тұрғындармен бірігіп құрбан шалуына рұқсат. Құрбан айт мейрамындағы демалыс күндерінде жақын туыстарын аралауға шыққандар мұндай сауапты істен құр қалмау үшін құрбан шала алады. Өздері шалуға мүмкіндік таппаса, өкіл тағайындап құрбан шалдырады немесе жолаушылап барған жерде шалады.
3. Балиғат жасына толып, ақыл-есі сау болуы керек. Балиғатқа толмаған, ақыл-есі кем адамдардың малдарынан құрбан шалу міндет емес. Алайда әлдекім өзінің баласы үшін құрбан шалам десе, рұқсат етіледі.
4. Зекет бере алатындай бай болуы керек. Кедей адамға құрбан шалу міндет емес.
Ханафи мәзһабында негізгі қажетінен артық (85 г. aлтын немесе соның құнына тең келетін ақша) дүние-мүлкі бар адамға құрбан шалу міндет. Сондай-ақ Ислам дінінде жеке басының нисап көлеміндей байлығы бар әйел адамның да құрбан шалуы – уәжіп.
Бірігіп құрбан шалса бола ма?
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті – құрбандық құлшылығын өтеу, Аллаға жақындау болуы тиіс.
Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, құрбандық шалуды қалағандар мен қаламайтындар қосылса, барлығының да құрбандығы дұрыс болмайды, яғни құрбандық болып саналмайды.
7 адам бірігіп, оның біреуі биылғы жылдың құрбанына, қалғандары өткен жылдың құрбанына ниеттенсе, осы жылға ниет еткен адамның құрбаны дұрыс болады да, өзгелердікі дұрыс болмайды. Ал егер ортақтардың біреуі ақиқа құрбанына ниет еткен болса, барлығының құрбаны дұрыс болмайды.
Құрбан шалудың орнына садақа беруге бола ма?
Құрбан шалудың шарты – малды бауыздап, қан ағызуында. Бұл дегеніміз – құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сойылу керек деген сөз, малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа құрбан шалуға міндетті болған бақуатты кісілерге арналған.
Ал, сауап алғысы келген тұрмысы нашар кісінің – өз ықтиярында. Дегенмен, жылына бір рет келетін Құрбан айт мейрамында садақа етіп бергеннен гөрі құрбандық шалғаны дұрыс. Өйткені, құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатындығы хадистерде айтылған.
Тағы бір ескерер жайт, өзіңіздің орныңызға басқа бір адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз.
Омаров ӘБДІМҮТӘЛІП
(Ақсу қалалық мешітінің бас имамы)