Пайғамбар жұбайлары қандай іспен айналысқан?

Пайғамбар жұбайлары қандай іспен айналысқан?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанып келген қазақ халқының салт-дәстүрі мұсылмандық тәрбие негізінде қалыптасқаны анық. Ислам діні салт-дәстүрімізге қалай әсер етті? деген ауқымды сұрақтың бір ұшын Алла елшісінің (с.ғ.с.) жұбайларына да қатысты десек болады.

Осы бір мақсатта Пайғамбардың (с.ғ.с.) жұбайлары қандай іспен айналысқан, олар бір мамандықтың иесі болған ба? деген сұраққа жауап іздей отырып, өмірлік салт-дәстүрімізді және бүгінгі әрбір қазақ отбасындағы әйелдің жауапкершілігін анықтауға болады.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) жұбайлары:

— Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алғашқы жұбайы Хадиша (р.ғ.) анамыз саудамен айналысатын, Меккедегі алдыңғы қатарлы байлардың бірі болды. Бүкіл дүние-мүлкін ислам дінін насихаттау жолына жұмсады.

— Айша (р.ғ.) анамыз болса, шариғат ілімдерін жетік меңгерген,  көп хадис риуаят еткен ғалымдардың бірі.

— Умму Сәләма (р.ғ.) анамыз әрі ғалым әрі Ухуд шайқасында батырлығымен танылған парасатты әйел болатын. Яғни, қиын-қыстау сәттерде қарап отырмай, керек кезінде ер адамның да қызметін атқара білді.

— Зейнеп бинт Жахш (р.ғ.) тері өңдеу ісінің қас шебері атанып, өзге әйелдерге тігіншілік үйрететін болған.

— Мәймуна және Жуайрә (р.ғ.) сынды жұбайлары, өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасты күшейтуде өз үлестерін қосқан. Сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) әрбір жұбайы үйде қол қусырып қарап отырмай, отбасы қиыншылығын ерімен бірге көтерісіп, ислам дінінің кең насихатталуы жолында мол үлестерін қосқан. Пайғамбар (с.ғ.с.) әйелдерін үлгі еткен қазақ әйелдері де (әжелеріміз бен аналарымыз) үйде қарап отырмағаны белгілі. Яғни, олар баққан малдары арқылы үйдегі түрлі қажеттіліктерін шеше білді. Мысалы: балаларына малдың терілерін илеп, сырт киімдер мен аяқ киімдерін тігіп кигізген. Жүндерінен киіз басып, арқан-жіп есіп түрлі керекке жаратқан. Малдың сүтінен құрт, ірімшік және май сияқты қоректік күші бар азық жинап, отбасының қысы-жазы жейтін тамағын қамтамасыз етіп отырған. Сондай-ақ, отағасы сыртқы жұмыстармен айналысқанда, үйдегі әйелдері де бірге қимылдап, өмірдің ауыртпалығы мен қызығын бірге көрген. Соның арқасында өберелі-шөберелі болып өсіп, бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізіп отырмыз.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда дінге жаңа бет бұрған кейбір қарындастарымыз, шариғаттың «Отағасы әйел, бала-шағасын бағуға міндетті» деген тұсын жалаң түсініп жүрген тәрізді. Әрине, мұсылман әйелдердің барлығын айыптаудан аулақпыз. Әйтседе, хадистегі «Әйелі де күйеуінің үйіне әкелген дүниесінен жауапты» деген жеріне сүйене отырып, кейбір әйелдердің «Мені ерім бағуға міндетті. Мен ешнәрсе істеуге міндетті емеспін» деген сынды түсініктің дұрыс еместігін, отбасындағы әйел адамның да өзіндік міндеттері барын ескеруі керек. Яғни, отбасындағы әйел адам ерінің маңдай тер, адал еңбегімен тауып әкелген дүние-мүлікін ысырап етпей, жауапкершілікпен қарауы басты міндеті болмақ. Бұл отбасылық өмірдегі күнделікті азық-түлік, электр жарығы, суды қолдану, тіпті, әр бөлмеге кіріп-шыққанда электр жарығын өшіріп жүру сынды істердің бәрін экономдап қолдануын білдіреді. Кейде көзге бөлменің жарығы бірер сағат жанып қалуы, суды ағызып қойып қолдану сынды істер болмашы ғана іс болып көрінуі мүмкін. Алайды, орынсыз жанған шырақ пен артық аққан судың да сұрауы бар, ысырапқа жатады. Бұл шариғат талабына да, адамгершілік қасиетке де сай келмейді. Әсіресе, кейбір табыс көзі шектеулі отағасыларға ауыр тиері анық. Әйелі бір тапқанын екіншісіне жеткізбей отырса, ерінің жұмысқа деген қызығушылығы салқындап, жұмыссыз қалуына түрткі болуы мүмкін. Сонымен қатар, ерлі-зайыпты арасында ұрыс-керістің туындауына, ажырасуға және ата-ананың тәрбиесін көрмеген жетімдердің көбеюіне әкеліп соғады деуге болады.

Қорыта айтар болсақ, Алла елшісіне (с.ғ.с.) алғаш уахи келгенде жұбайы Хадиша (р.ғ.) анамыз жақсы сөздер айтып, асты-үстіне көрпе төсеп қолдау көрсеткені сияқты өзге жұбайлары да өмірдің қиындығын бірге көтеріскен. Қазақ қоғамында да әйел заты отбасы түтінін түтетуден бастап, малдың шикізатын өндіруші зауыттың қызметін атқарғаны көпке аян. Сол себепті, бүгінгі кейбір әйелдер де күйеуінің көмекшісі бола білуі керек. Өмірде қандай да бір келеңсіз жағдай көрініс тауып жатса, оның бір ұшы ерлі-зайыптының бірі өз жауапкершілігін толық сезінбеуден туындайды. Адамның жауапты ісіне болған адалдығы, еңбек сүйгіштігі, сыйластығы, үнемшіл әрі қарапайым болуы отбасының Ақ ордаға айналуының басты шарты болып табылады.

Самет Оқанұлы,

исламтанушы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: