11-17 қыркүйек аралығында Венгрияда егде жастар арасында Евразия, Азия және Венгрияның Ашық біріншілігі халықаралық спорт жарысы өткен болатын. Гір тасын көтеру бойынша жерлесіміз Әмірбай ақсақал алтыннан алқа тағып қайтты. Қарияның жасы 80-ге таяп қалса да әлі тың. Өзін сергек ұстайды. Сонымен чемпион имамымыз серпе көтеруден 10 келі гір тасын 10 минут ішінде 231 рет бағындырған. Осы салмақты құрайтын тасты жұлқа көтеру бойынша 3 минутта 84 рет, ал серпе көтерудің ұзартылған түрі бойынша 64 рет бағындырыпты.
Бас мүфти Әмірбай Сіләмжанұлын жеңісімен құттықтап, ілтипат көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді. «Ислам діні адамдарды спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндейді. Қартайдым демей, спортты жаныңызға серік етіп, өзіңізді сергек ұстауыңыз еліміздің жастарына үлкен үлгі болады деп сенемін. Әрдайым осы биіктен көріне беріңіз. Мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, жарыстарда еліміздің туын желбіретіп жүре беріңіз. Алла тағала деніңіз саулық, күш-қуат берсін», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Әмірбай ата алдағы айда Архангельск қаласында өтетін дүбірлі додаға дайындалуда. Біз де өз тарапымыздан халықаралық дәрежедегі спорт шеберіне сәттілік тілейміз.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы
(суретті түсірген - автор)