Біреулер «Егер мұсылман діні керемет болса, ғаламда жаңалық ашқандар басқаларда неге көп?» деген секілді түсінігі теріс сауалдарды қойып жатады. Тақ оларға «Жаңалық ашпа» деп Ислам діні тосқауыл жасап отырғандай. Шынтуайтына келгенде мұндағы мәселе жаңалықты қай діндегілер ашуында емес, мәселе кім қандай нәрсе істесе, оны Ұлы Алланың әмір-пәрменімен істеп жатуында. Оны солай деп түсінуінде. Тағы келіп, кім нені, қай жерден бастаса да соңғы табыс Алланың бар екенімен, Хақ екенімен аяқталуында. Кім бір жаңалықты шын тапқан болса, оның тапқанының жаңалық емес болып, оның «таптым» деп жүргенінің қасиетті Құранда одан әлдеқашан баян етілуінде. Оны Құраннан оқыған әлгі ғалымның дереу, екіленбестен Ислам дінін қабылдап, бір Аллаға иман келтіруінде.
Бұдан не шығады? Бұдан – біз «жаңалық» деп білетіндеріміздің жаңалық емес әрі «жаңалық» атаулыны табушы ғалымдардың қай-қайсысы болмасын, олар ол ізденістерін қай түкпірден бастаса да соңы Ислам ақиқатына барып тірелетіндіктен, Алланы танумен аяқталатындықтан, ол ғалымдардың бәрі дерлік «Ислам ғалымдары еді» деген қортынды шығады. Немесе ізденіс көп жағдайда қараңғыдан жарыққа қарай, кәпірліктен мұсылмандыққа қарай, құдайсыздықтан Аллаға қарай басталады. Өйткені, біз зерттеп жүрген нәрселердің бәрін Алла Тағала жаратқан. Тіпті сол ізденуші ғалымнынің өзін де. Оны ізденушіні (ғалым) етіп жаратқан да, оған сол тағдырды, тақырыпты нәсіп етуші де бір Алла.
Демек, адам қалай ізденеді, солай Исламға қарай жол шегеді. Аллаға қарай аттанады. Ол тынбай ізденсе іздегенін табады. Немесе Алла оның іздегенін нәсіп ете қояды. Қызығы дәл сол жерден өзін жаратқан, өзі іздеген жаңалығын жаратқан Алланы да тани қояды. Сөйтеді де ерекше таң қалған бейнеде Аллаға, Оның ұлы жолы Исламға жерден алтын тапқандай аттанады. Әрі бұған дейінгі күпірліктеріне мейірімді Раббынан шын кешірім сұрап жалбарына бастайды. Тіпті бұған дейін әулиесіген әлгі ғалым өзінің шын қораш, шын пақыр, шын дәрменсіз, шын надан, шын соқыр екенін біледі. Біледі де өкінеді. Таубасына келеді. Пенденің ақиқатқа – Исламға – Аллаға қайтуы, адам болуы дегеніміз міне осы. «Әрбір парасаты оянған пенденің ең ақырғы табан тірер тиянағы – Ислам» десе, ақиқатқа қайтқан Толстой міне осыны біліп айтқан. Ендеше ауызы барлар аңдап сөйлесін.
Демек, Ислам надандардың діні емес, ол – адамдардың, адами дәрежеге көтерілгендердің, ахиқи құлдардың, ашылған жүрек иелерінің, ақылдылардың діні. Ақиқат Исламиятта ғана болған. Болып та келеді. Бола да береді. Тани алмасаң ол сенің қараңғылығың.
Задында Исламды адам баласы былай-ақ жай тануға тиіс. Өйткені, адам баласының жаратылу мүмкіндігі осы дін үстіне, осы дін негізінде жаратылған. Исламды жәй танымағанды Алла Тағала ғылыммен танытады. Немесе Алла біреуді Исламға төте жеткізеді. Ал, енді біреуді машақат арқылы, ғылым жолы, ғылым іздеу жолы арқылы жеткізеді. Танытады. Негізінде ахиқи дінмен шұғылданған діндарлер, дінбасылар ешқашан жаратылыстық ғылымымен шұғылданбайды. Рухани ғылыммен – ішкі ғылыммен айналысады. Өйткені, жаратылыс ғылымы сыртқы – материалдық ғылым болып табылады. Демек, ғылым адамның тұрмысында емес, тұлғасында дамиды.
Құл Керім