Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті.

Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді.

Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді.

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.

Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтып, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті.

– Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті он негізгі бағытты белгілеп берді және олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керектігін айтты. Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау.

Соңында Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан ҚР Қарулы Күштерінің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.

Ұлықтау рәсіміне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, «Nur Otan» партиясының басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Рәсімге барлығы 2500 адам қатынасты.    

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына жерден оқи аласыздар. 

 akorda.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: