Бүгін Рамазанның соңғы күні. Біз бір айға есейдік десек те болады. Мұның құжатымыздағы жасымызға еш қатысы болмаса да, алайда жанымыздан көрініс табатыны рас. Әрине, жанымыз Рамазанда қартайып кетпейді, керісінше, жанымыздың рухани есеюі орын алатын болады...
Жанымыздың жағдайы біздің күнделікті жасаған істерімізден, айтқан сөздерімізден білінетін болады. Жер бетінде қанша күн көруіміздің қалғаны тек Бір Аллаға ғана аян. Алайда ақирет өмірімізге өзімізбен бірге ала кетер жақсы амалдарымызды тек осы баянсыз өмірде жүріп қана жасай алатынымыз хақ. Біздің әр күніміз құнды, өйткені кез-келген күн біз үшін соңғы болуы әбден мүмкін...
Адам жанының Иесі – Бір Алла және Ол Өзі ғана біздің жанымызды сақтайды. Алла Тағала әр жанның дамып, сақталуына әрі Өзінен алыстап кетпей, Өзін ұмытпай жүруіне мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндіктердің бірі – Мейірімге толы Рамазан айы және оның нақты белгісі – парыз етілген ораза. Ораза бізді ұстамды, байсалды болуға әрі байыптылыққа тәрбиелейді. Алла разылығы үшін, біз бір ай өзіміздің мінез-құлқымызды және қоршаған ортамен қарым-қатынасымызды жақсартуға тырысамыз.
Уақыт кірпік қаққандай тез өтуде, ертең-ақ біз таңғы, түскі асымызды ішетін боламыз әрі қалаған уақытта шөлімізді басатын боламыз. Рамазан аяқталса да біршама уақыт күндіз тамақ ішуге үйрене алмай жүретін кездеріміз болады. Оразадан кейін адам өзінің Рамазанға дейінгі қалпына келуі мүмкін не болмаса бір ай ораза ұстау барысында қол жеткізген рухани деңгейінде орнығып қалуы мүмкін.
Демек, Рамазанмен хош айтысу кезі кейбір мұсылмандар үшін «жаңа бір өмірдің» басталуына әкеліп соғуы ғажап емес.
Бұл үшін Рамазан айынан өзімізбен бірге нені алып қалуымыз керек?
1. Ораза
Рамазан айында ораза ұстау өзге айларда ораза ұстағаннан әлдеқайда жеңіл. Бұл да болса Алланың бір көмегі. Жаратушының көмегінсіз бір ай ораза ұстау мүмкін болмас еді. Өзге айларда ораза ұстау бізден талап етілмейді, дегенмен, нәпіл ораза ұстау құпталады әрі сауапқа бөлейді.
Ендеше, Рамазанның серпінімен Шәууәл айындағы алты күнге созылатын нәпіл оразаны және аптаның дүйсенбі мен бейсенбі күндері ұсталатын екі күндік оразаны ұстау арқылы өмірімізді сауапқа толтыра аламыз.
2. Намаз
Рамазан айында оқылатын тарауық нәпіл намазы бізді дұха, тәһәжүд және т.б. нәпіл намаздарды оқуға дайындайды деп есептеуге болады. Олар 20 рәкағат болып оқылатын тарауық намазының қасында сондай қиын болып көрінбейді. Нәпіл намаздарды оқуда еш қиындық жоқ, тек пайда мен сауап бар. Ендеше, ораза бітісімен нәпіл намаздарды оқуды әдетімізге айналдырайық.
3. Аллаға сиыну
Рамазан бойы үнемі Аллаға дұға жасап, Аллаға сиыну біздің күнделікті жасайтын амалдарымызға айналғаны рас. Ораза ұстайтын адамның дұғасын Алла қабыл ететіндігі белгілі болғандықтан біз күні бойы дұға жасауда боламыз. Тек күндіз ғана емес, сондай-ақ, түнімен де құлшылық етіп, дұға тілейміз.
Ең алдымен Алладан сұрап, сосын ғана адамнан сұрау әдетімізді одан ары да жалғастырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Алла Тағаладан шынайы түрде көмек сұраған сайын, Ол бізді маңайымыздағы адамдардан тәуелсіз ететін болады.
4. Қарым-қатынас
Рамазан айында біз ұрыс-керістен бойымызды аулақ салып жүреміз. Тіпті болмай жатса: «Аузым берік», деп айтып, үндемей кете беруге тырысамыз.
Осы байыптылықты екі Рамазан ортасында сақтауға тырыссақ қандай жақсы болар еді. Ата-анамызбен сөз таластыруды қойып, жұбайларымыздың кемшіліктерін байқамауға тырысып, балаларымызды жазғыруды қойсақ нұр үстіне нұр болар …
5. Қажетсіз нәрседен бас тарту
Қазіргі адамдардың өмірінде толып жатқан қажетсіз, тіпті зиянды дүниелер аз емес. Рамазан уақытымыздың әр сәтін пайдалы өткізуге үйретеді: сериал көргеннің орнына Құран оқу; сауда үйінде қыдырып жүргеннің орнына нәпіл намаз оқу; қажетсіз кезекті бір уақ-түйекті алғанша, сол қаражатты мұқтаж жандарға садақа ретінде беру және т.б.
Рамазан айы бізді жаман әдеттерден тазартып, жақсылыққа баулиды деп сенемін. Оразаның басындағы кезге қарағанда соңында анағұрлым жақсы болдық деп үміттенемін. Алла Тағала әркімге осы мүмкіндікті берген. Ал біз болсақ жақсы жаққа өзгеруге шынайы түрде, шынайы ниетпен бел бууымыз керек!
asyldin.kz