Неліктен өз жанын өзі қию күнә болып табылады?

Неліктен өз жанын өзі қию күнә болып табылады?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күнделікті көріп жүретін адамдардың кейбірі «Егер тәнім менікі болса, онда мен өз қалауымша тәніме не істесем де болады емес пе?» деп пайымдайды. Қалай ойлайсыз, бұл адам дұрыс айта ма? Расымен тәніміз біздің өзімізге тән бе?

Негізі, біздің тәніміз, ағзамыз, дене мүшелеріміз, дүние-мүлкіміз және т.б. нығметтердің бәрін Алла Тағала бізге уақытша пайдалануға нәсіп еткен, яғни, Өзінің мүлкін қолдануға рұқсат берген. Алайда Алла Тағала Өзінің жаратқан пенделерінің мінсіз еместігін ескере отырып, адам баласына толықтай құқық бермеген, егер бізге барлық құқықты беріп қойса, онда адам баласы бәрін басқаруға мәжбүр болар еді. Ал ақиқатында, адам баласы тіпті өзінің жүрегін, асқазанын, өкпесін де игеруге қабілетті емес. 

Сол себепті адам өзіне-өзі қол жұмсамақ тұрмақ, онша ауыр емес әрекеттерді жасауына да құқығы жоқ. Мысалы үшін, өзіне әдейілеп зиян келтіру, әлдебір ағзасын ақшаға сату және т.б.

“Үкім себептердің қандай мақсаттарға негізделгеніне байланысты болмақ" деген қағиданы негізге ала отырып, арнайы түрде өлімді тездетуге болмайды: өлу үшін әдейілеп ас-судан бас тартып, ашығу; ауыр сырқаттың емінен арнайы түрде тыйылу; өлімге әдейі бару; өлуіне көмектесу үшін біреуге ақша немесе мал-мүлік және т.б. беру.

 ...өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар... [2:195].

Қасиетті Құранда келтірілген Алла Тағаланың бұл сөздері өзіне-өзі қол жұмсаудың күнә әрі рұқсат етілмеген амал болып табылатындығын көрсетеді. Негізі, Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық ету үшін жаратқан.

Бұл баянсыз дүние біз үшін сынақ, сыналу мекені әрі әрбір пенде бұл сынақтан әртүрлі өтеді. Адам баласы өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін себептердің Кімнен келіп тұрғанын түсінуі қажет – жақын адамның өлімі, шамадан тыс өмірлік қиыншылықтар, материалдық немесе рухани байлықтан айырылу және т.б.

Мұндай жағдайларға ұшыраған адам сабырлық таныта білуі тиіс. Тек осы жағдайда ғана адам баласы өзінің екі өмірін де құртып кететін өзіне-өзі қол жұмсауға бармайды, оның орнына сыйға кенеліп, Алланың разылығына бөленеді.

Қазіргі таңда өз жанын өзі қию әрекеттері көбіне Скандинавия және «батыс құндылықтары» аса қадірленетін елдерде көп орын алып отыр, ал мұсылман елдеріне келер болсақ, бұл елдерде өзіне-өзі қол жұмсау деңгейі басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым аз. Мұсылман адам кез-келген жағдайда өзіне пана мен жұбаныш таба алады, өйткені қандай жағдай орын алмасын, оның басына түскен ауртпалықты білетін әрі оған қол ұшын беретін Алла Тағаланың бар екенін біледі.

Сол себепті де шынайы иман келтірген жан өз жанын өзі қиюға барады деп ойлау мүмкін емес. Өйткені Алла Тағалаға әрі Қиямет күніне шынайы түрде иман келтірген жан ешқашан Алланың бізге сый ретінде нәсіп еткен өміріне ешқашан қол сұқпайды, өздігінен жанын қиып, ажал құшпайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қамшының сабындай осынау қысқа өмірде адам баласының басынан не өтіп, не қоймайды десеңізші... Сап-сау жүрген адам бір түнде жазылмас емі жоқ дертке шалдығуы мүмкін; сап-сау адам жол апатынан кейін өмірінің соңына дейін мүгедектер арбасына таңылуы мүмкін; адам баласы бір күнде ата-анасынан не болмаса балаларының бәрінен бірдей айырылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдай бәріміздің басымызда болмаса да ішнара кездесіп жатады. Осындай кездерде бізге сабырлық таныту оңайға соқпасы анық, алайда Бір Аллаға тәуекел етіп, үмітімізді үзбегеніміз жөн. Қандай жағдай болмасын, Алла Тағаланың Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді әрі әр нәрсені Толық Білуші, Қайырымды екенін есімізден шығармайық.

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: