Алла тағала сізді жақсы көргенін қалайсыз ба?

Алла тағала сізді жақсы көргенін қалайсыз ба?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білесіз бе, Құранда Аллаға сүйікті болған құлдардың сипаттары баяндалған. Құран кәрім және ардақты Пайғамбары арқылы Алла тағала бізге кімдерді жақсы көретінін айтады. Өкінішке қарай біз көбінесе бойдағы кемшіліктерге мән бермейтініміз тәрізді, қай сипатқа ие болғанда Аллаға ұнайтын құл болатынымызға да мән бере бермейміз. Негізгі көксейтініміз де Алланың разылығы емес пе?

Құрандағы Алла жақсы көретін құлдардың сипаттарын білу өмірімізге үлкен өзгеріс енгізеді. Мысалы, сіз сабырсыз адам болсаңыз, «Алла сабырлы жандарды жақсы көреді»[1] – деген аят бірте-бірте сабыр иесі болуыңызға көмектеседі. Ал «...Шүбәсіз, Алла ізгі жандарды жақсы көреді»[2]– деген аят сізді жақсылыққа құлшындырып, ізгілердің қатарынан болуға жетелейді.

Аллаға ұнау үшін өзін өзгерте білген адамның мінезі көркем, иманы кәміл болады. Енді сол сипаттарды Құраннан келтіре кетейік:

 

Алла тағала кімдерді жақсы көреді?

–          ...Әрдайым жақсылық жасаңдар, істеріңді барынша тиянақты етіп істеңдер. Шүбәсіз, Алла ізгі жандарды жақсы көреді.[3]

Яғни, әрбір істеріңді тиянақты, өте жоғары деңейде орындап Алланың жақсы көретін әулие құлдарынан болыңдар[4]. Сондай-ақ, Алла жолында игі іске мал сарп етсеңдер әдемі түрде беріңдер және жамандықтың қарымы жамандық болса да жақсылықпен қайтарыңдар[5]«(Кәпірлер білгендерін істей берсін,) ал сен жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтар»[6].

–          ...Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі (күнә атты рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді[7].

Яғни, жасаған күнәларына өкініш білдіріп тәубе етуші және әдепсіз, ерсі қылық пен азғындық істерден, сондай-ақ лас нәрселерден бойын аулақ ұстайтын құлдарын[8].

–          ...Егер қандай да бір іске бел бусаң, бір Аллаға тәуекел ет. Шүбәсіз, Алла тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді[9].

Яғни, ақылдасып шешілген істе жаның жай тауып, іштей келіскен болсаң, Раббыңның шексіз құдіретіне сүйеніп, ісіңді Оған тапсыр. Өйткені Алла тағала бір Өзіне иман келтіріп, істерін де бір Өзіне тапсырған тәуекелшіл құлдарын жақсы көреді.

–          ...Ал олардың арасында билік айтсаң, әділ үкім шығар. Шүбәсіз, Алла әділетті жандарды жақсы көреді[10].

Яғни, олар әділдіктен алыс болса да сен әділдікті ұстан және араларында билік айтсаң, әділ үкім шығар.

–          ...Шүбәсіз, Алла Өзіне қарсы келуден барынша сақтанатын (уәдеге берік) тақуа жандарды өте жақсы көреді[11].

–          ...Әркез қара қылды қақ жарғандай тура болыңдар. Өйткені Алла турашылдарды жақсы көреді![12]

–          ...Шүбәсіз, Алла әділдікке, адам құқығына ерекше мән беретіндерді жақсы көреді[13].

Яғни, әрбір ісі мен берген үкімінде әділ болған құлдарын Алла тағала жақсы көреді.

 

Алла тағала кімдермен бірге?

–          Уа, иман келтіргендер! (Бастарыңа қандай да бір қайғы-қасірет немесе ауыртпалық түскенде) сабыр ету әрі намаз оқу арқылы (Алладан) жәрдем сұраңдар. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге[14].

Яғни, дүниелік және ақиреттік істеріңде сабырмен, намазға тұру арқылы Алладан жәрдем тілеңдер. Сабырдың көмегімен абыройға кенеліп, жеңіске жетсеңдер, намазға тұру арқылы жағымсыз қылықтан, әдепсіздіктен арыласыңдар. Алла тағала жеңіс сыйлап сәтін салумен, Өзінің қорғауы арқылы сабырлы құлдарымен бірге[15].

–          Аллаға және елшісіне мойынсұныңдар. Өзара таласып-тартыспаңдар. Әйтпесе, бойларыңды үрей билеп жасып қаласыңдар һәм күш-қуаттан айырыласыңдар. Тиісінше сабырлылық танытыңдар. Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге[16].

–          Расында, Алла азабынан қорыққан құлдарымен әрі Хақ тағаланың, өздерін көріп бақылап тұрғанын жадында ұстап үнемі игі істер істейтін ізгі жандармен бірге[17].

Яғни, Раббыларының өздерін көріп бақылап тұрғанын ескеріп, үнемі игі амалдар жасайтын, азабынан қорқып тақуалықты ұстанатын құлдарына жәрдем беріп, жеңіс сыйлаумен және қорғауымен Алла тағала олармен бірге. «Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың»[18] Ал кім Аллаға тақуалығымен, ғибадат-құлшылығымен жақын болса оған ешкім зиян тигізе алмайды[19].

Тақуалық дегеніміз – Алладан қорқу және Құранға амал ету (яғни, Құранның бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан тыйылу), қолда барға һәм азға қанағат етіп, өлімге дайындық жасау.  Әзірет Али (р.анһ).

"Ең бақытты әйел" кітабынан.



[1]    «Әли Имран» сүресі, 146-аят.

[2]    «Бақара» сүресі, 195-аят.

[3]    «Бақара» сүресі, 195-аят.

[4]    Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 1/126.

[5]    Елмалы М. Хамды Язар, «Хақ дини Куран дили», 2-том, 41-бет.

[6]    «Мүминун» сүресі, 96-аят.

[7]    «Бақара» сүресі, 222-аят.

[8]    Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 1/142.

[9]    «Әли Имран» сүресі, 159-аят.

[10]  «Мәида» сүресі, 42-аят.

[11]  «Тәубе» сүресі, 4-аят.

[12]  «Хужурат» сүресі, 9-аят.

[13]  «Мумтахана» сүресі, 8-аят.

[14]  «Бақара» сүресі, 153-аят.

[15]  Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 1/106.

[16]  «Әнфәл» сүресі, 46-аят.

[17]  «Нахл» сүресі, 128-аят.

[18] «Хужурат» сүресі, 13-аят.

[19]  Али әс-Сабуни, «Сафуатут-Тәфәсир», 2/149.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: