Махр неке анықтылығының шарты болып табылмайды, яғни нақты бір махрсыз-ақ неке қиыла береді деген сөз. Сол себепті махр тағайындалмаса да неке қиылған болып саналады. Ендеше, махр некенің шарты емес, бірақ махр неке үкімдерінің бірі болып табылады.
Махр неке үкімі болып табылады деген сөз келесіні білдіреді: неке қиылған соң, әйелдің күйеуінен махрды төлеуін талап етуге құқы бар, яғни, махр неке актісінің салдары болып табылады. Егер махр неке қиылғанға дейін анықталған болса, онда неке қиылғаннан кейін әйел махрды алуға құқылы. Ал егер неке қиылғанға дейін махр келісілмеген болса, онда әлгі әйел сол аймақтағы сұлулығы мен байлығына сай алатын махрды алуға құқылы болады. Алайда бұл екі жағдайда да ер адам үшін махр төлеу уәжіп (міндет) болып табылады. Бұған дәлел ретінде төмендегі аят келтірілген:
«Әйелдердің мәһерін (қалыңын) ықыласпен беріңдер» (4:4).
Мысал ретінде мына бір хадисті келтірейік:
«Күндердің күнінде Алла Елшісі (ﷺ) бір адамнан:
- Сені бір әйелмен үйлендірейін бе? – деп сұрайды.
Әлгі адам:
- «Жарайды», - деп жауап береді.
Сосын Алла Елшісі (ﷺ) бір әйелден:
- Сен пәленше деген адамның әйелі болуға келісесің бе? – деп сұрайды.
- Иә, - деп жауап береді әйел.
Сөйтіп, әлгі ер адам мен әйел үйленеді, олардың алғашқы неке түні өтеді, алайда неке қию кезінде махр келісілмеген еді. Біршама уақыт өткен соң әлгі адам өлім аузында жатып былай айтады:
-Кезінде Алла Елшісі (ﷺ) мені саған үйлендірген еді, бірақ махр тағайындалмаған болатын. Мен саған ештеме бере алмадым. Махр ретінде енді мен саған Хайбар жерінен өз бөлігімді беремін.
Әйелі болса махр ретінде алған жерін жүз мың дирхемге сатып жіберген екен» (Әбу Дәуд, Никах, 32).
asyldin.kz