Ережеп айының келуінің өзі - қасиетті Рамазан айының жақын қалғанын білдіреді.
Ережеп айы – біздің асыл дініміз исламдағы төрт тыйым салынған айдың бірі болып табылады. «Неге тыйым салынған айлар деп аталады?» деген сауал туындауы әбден мүмкін. Бұл сұраққа жауап ретінде келесіні айтуға болады: «Арабтардың исламға дейінгі дәстүрі бойынша осы айларда Қағба аймағында адам өлтіруге, ұрыс-шайқастарға, тіпті аң аулауға тыйым салынған болып есептелген, яғни, адамдардың қанын төгу былай тұрсын, аңдардың да қанын төгуге тыйым салынған құрметті айлар».
Бұл айды тағы да «Раджаб әл-Фард» - «Жалғыз Ережеп» деп те айтады, өйткені аталмыш ай мұсылман күнтізбесінде өзге тыйым салынған, бірінен соң бірі келетін Зұлқағда, Зұлхижжа және Мұхаррам айларынан бөлек келеді. Ережеп айы осы үш айдан соң бес айдан кейін ғана келеді.
Ережеп айында, Алланың қалауымен, Пайғамбарымыздың (ﷺ) көкке көтерілуі «Миғраж түні» орын алған.
Исламға дейін арабтарда Ережеп айында пұттарға құрбандық шалу дәстүрі болған. Ислам дініміздің келуімен бұл дәстүрдің көзі жойылған.
Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер. Сондай-ақ мүшріктер сендермен түгел соғысқандай сендер де олармен түгелдей соғысыңдар. Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер…» (9:36).
Аталмыш аятта айтылған «өздеріңе зұлымдық етпеңдер» деген сөз күнә жасамаңдар дегенді білдіреді. Алла Тағала Өз қалауымен осы төрт айды қадірлі еткен әрі мүміндерге бұл айларда күнә жасауға тыйым салған, алайда қалған сегіз айда мүміндер емін-еркін күнә жасай беруіне болады деген сөз емес, тек осы қадірлі айларда жасалған күнәларды Алла Тағала ерекше жек көретіндіктен.
Алла Тағаланың бізге нәсіп еткен қадірлі төрт айында өз амалдарымызға анағұрлым есеп беріп жүрейікші! Жүрегіміз бен жанымызды ретке келтірейік. Өміріміз бен жасап жүрген кәсібіміз туралы ойланайық. Өзге адамдармен қарым-қатынас жасағанда не айтып, не қоятынымыз туралы ой жүгіртейік. Құранға деген ілтипатымызды дұрыстайық...
Төменде Ережеп айын пайдалы өткізуге септігін тигізетін 6 амалды қарастырып өтеміз:
1. Ниетімізді қолға алайық.
Әрбір амал ниетке байланысты іске асады, сол себепті, бірінші кезекте, біз өзіміздің ниетімізді жөндеуіміз керек.
2. Кешіріп әрі кешірім сұрайық.
Алла Тағаланың: «…өздеріңе зұлымдық етпеңдер...» (9:36) деген сөзін есімізден шығармайық. Шынайы түрде тәубемізге келейік. Алла Тағаладан кешірім сұрайық, қасиетті Рамазан айын таза жүрегімізбен қарсы алуға тырысайық.
Еш ақаусыз, күнәсіз жүрек – жеңіл құлшылық етудің кепілі.
3. Бірнеше күн қатарынан нәпіл ораза ұстайық.
Алла Елшісі (ﷺ) Ережеп айында нақты мына күндері ораза ұстаңдар деп айтқан емес. Сол себепті ораза ұстау сүннет болып табылатын дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстай беруімізге болады. Осылайша, біз ағзамызды ораза ұстауға дайындаймыз.
4. Нәпсімізді ауыздықтайық.
Нәпсіміздің қисынсыз назы мен таусылып-бітпейтін тілектерін орындаудан бас тартуды бастайық. Қажеті шамалы, мол тамақтан өзімізді тыйып, қарапайым тағамдарды іжіп-жеуге тырысайық. Нәпсіміздің «арман-тілектерін» жете танып-білуіміз – өте құнды қасиет. Нәпсінің айтқанын істеп, айдауына шауып жүре бермей, оны ауыздықтап ұстайтын кез келді деп біліңіздер.
5. Қайырымдылықты ұмытпайық.
Осы айдағы қайырымдылықтың ерекше құны бар. Алла Тағала разылығына қол жеткізу үшін өзіміздің әліміз жететін қайырымдылықпен айналысайық: көршілерімізге тамақ дайындап беру не болмаса үй шаруасына қолғабыс ету де қайырымдылық болып табылады.
6. Дұға жасайық.
Алла Тағаладан кешірім сұрап, өткен Рамазан айларында ұстаған оразаларыңыздың қабыл болуын тілеңіз.
Біздің міндетіміз ерекше! Алла Тағала бізді мұсылман етіп жаратты әрі Исламды біздің дініміз етті. «Лә иләһа илляәЛлә» деп айту арқылы біз миллиардтаған адамдардан ерекшеленеміз әрі өзгеміз. Біздің міндетіміздің ерекшелігі - Алла Тағаланың қалауына бойұсынуымызда. Біле білген адамға, бұл деген үлкен құрмет әрі үлкен жауапкершілік!
asyldin.kz